Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Арысты қалпына келтіруге қанша қаражат бөлінеді?

Арысты қалпына келтіруге қанша қаражат бөлінеді?

Алматы. 4 шілде. 7kun.kz — Әскери қоймадағы жарылыстардан кейін Арыс қаласын қалпына келтіруге Үкімет резервінен 15,5 млрд теңге, жергілікті бюджеттен - 10,6 млрд теңге, "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ-нан – 6 млрд теңге, демеушілер мен гуманитарлық көмек есебінен - 2,5 млрд теңге бөлу жоспарланған. Бұл туралы Сенат отырысында Қаржы министрі Әлихан Смайылов мәлімдеді.

Жалпы, оның айтуынша, 1 шілдедегі алдын ала есептеу бойынша қаланы қалпына келтіру үшін 34,5 млрд теңге қажет.

"Арыс қаласы бойынша 1 шілдеге алдын ала есеп бойынша 34,5 млрд теңге қажет. Оның ішінде әрбір тұрғынға 100 мың теңгеден төлеу үшін 4,5 млрд теңге қарастырылған. Осыған байланысты Үкімет резервінен 2 млрд теңге, Түркістан облысының бюджетінен 1 млрд теңге, гуманитарлық көмек ретінде 1,5 млрд теңге қамтылған", - деді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар, үйлерді қалпына келтіру үшін 19,2 млрд теңге қажет, оның 50%-ын өңірлердің бюджеті есебінен, 50%-ын Үкімет резервінен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. 66 әлеуметтік нысанды қалпына келтіруге 7 млрд теңге қажет. Оның ішінде 6 млрд теңгесі "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ-на және 1 млрд теңгесі бизнес-қоғамдастыққа бөлінеді.

Электр желілерін қалпына келтіру, жылумен жабдықтау, инфрақұрылымды жөндеу үшін Үкімет резервінен 2,2 млрд теңге бөлінеді. Тағы 1,7 млрд теңге 34 әкімшілік ғимаратты қалпына келтіруге бағытталады.

Еске сала кетейік, Арыс қаласының әскери қоймасындағы жарылыс 24 маусым күні таңертең басталды. Сол күні Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев тұрғындарды көшіру туралы шешім қабылдады. ТЖ салдарынан үш адам қаза тапты. Медициналық көмекке 409 адам жүгінген. Оның ішінде 329 адам амбулаторлық емделуге жіберілді, 80 пациент ауруханаға жатқызылды, оның ішінде 13-і бала.

27 маусымнан бастап көшірілген қала тұрғындары өз үйлеріне орала бастады.

Похожие материалы