Алматы. 30 қараша. 7kun.kz — ҚР Премьер-министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиев пен Алматы әкімі Бауыржан Байбек Мемлекет басшысының Қазақстан экономикасын цифрлау бойынша алға қойған міндеттерін орындау аясында бірқатар объектілермен танысты.
Жұмыс сапары барысында ҚР Бас прокуратурасы құқықтық статистика мен арнайы есеп жөніндегі Комитеттің төрағасы Бағдат Мусин жүргізушілерге қажет құжаттар санын қысқартатын «Е-штрафы» жобасын таныстырды. Ол өзінің сөзінде ИИН бойынша планшеттер арқылы жүргізуші жөнінде барлық мәліметті, оның ішінде техпаспорт пен сақтандыру полисі туралы да білуге болатындығын жеткізді. Бұл жүйе енгізілген соң автожүргізушілер полиция қызметкеріне тек жүргізуші куәлігін көрсетсе болғаны. Айыппұлды жүргізушілер дәл сол жерде немесе мобильді POS-терминалы арқылы төлейді. Ақша бірден автоматты түрде төлем жүйесінен көрінеді.
«Енді хаттамаларда негізгі үш көрсеткіш көрініс табады. Олар: ИИН, автокөліктің мемлекеттік нөмірі және тәртіп бұзу бабы. Бұдан былай жүргізушілердің толық құжаттарын алып жүруі қажет емес. Жергілікті полициямен жүйе тестілеуден өтті. Біз құжаттарды қажет етпейтін жүйе бойынша жұмыс істейтін алғашқы қаланың Алматы болуын ұсынамыз», -деп атап өтті Б.Мусин.
Сондай-ақ, Асқар Жұмағалиев инновациялық негіздегі жобалармен танысты және Қазақстанның түрлі өңірлерінің және жақын шетелдердің стартап-компанияларының қатысуымен шеберлік сыныптарын өткізуді ұсынды.
Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметі