Алматы. 30 қараша. 7kun.kz - Алматыда 4 желтоқсанда өтеді деп жоспарланған «Ашық бюджет. Ашық қоғам» тақырыбындағы айтыс кейінге шегерілді. Бұл туралы айтысты ұйымдастырушылар әлеуметтік желіде жазды.
Ұйымдастырушылардың бірі Асқар Бековтың жазуынша «Медиа орда» қоғамдық қоры мен «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының» бастамашы болған айтыстың өтпей қалуына ғимарат ұсынғандардың бас тартуы себеп болған.
«Елге түсінікті болу үшін айта кетейін, біз келіскен «Алатау» дәстүрлі өнер театрының басшылары да, «Қазақконцерт» залы басшылары да алғашқыда айтысты өткізуге қолдау білдіріп, келісімшартқа отырып, залдың жалға беру қаржысын алып, соңынан, қолдау білдіре алмайтындарын жеткізді. Келісімшартты үзіп, себеп салдарын түсіндіріп, қаржымызды қайтарды. Дегенмен үлкен өкініш қалды. Теxникалық ақауларды алға тартып, айтысты өткізуге ешқандай мүмкіндік жоқ екенін түсіндірген «Алатау» дәстүрлі театр басшылары басқа шараларды ойдағыдай өткізіп жатыр. Ал, «Қазақконцерт» ұжымы министрліктің іс-шарасы өтетінін алға тартып, келісімшартты бұзды», деп жазды ол.
Ұйымдастырушылардың бірі Бауыржан Кариповтың жазуынша «Сорос Қазақстан» қоры қолдаған айтысқа қатысатын жас ақындардың тізімін айтыс жанашыры Жүрсін Ерманның өзі жасаған. «Айтыс қазір жер-жерде өткізіліп жатыр. Алайда бұған қарамастан ғимарат берушілердің аяқ асты бас тартуы түсініксіз», - дейді ол.
«Осы жазда Жүрсін аға Елбасынан «айтыс өткізе беріңдер» деген сөз естіген жоқ па? Қазір жер-жерде айтыс өтіп жатыр. Осы күндері Маңғыстауда өтіп жатыр, Маңғыстауда! «Жүрсіннің жүйріктерінің» барлығы сонда. Тіпті Мэлс ақын қатысып жатса керек. Күні кеше ғана Астанада жас ақындар айтысы өтті. Айтыс көз шұқып, бас жармайды ғой. Әркім еліне өзінше қызмет еткісі келеді. Айтыстың мақсаты да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемнің озық отыз елінің қатарынан көрінуге берген тапсырмаларын насихаттау; соның ішінде сананың ашықтығы, бюджеттің ашықтығын насихаттау болатын», - деп жазды ол.
Ұйымдастырушылардың жазуынша айтыс 2018 жылдың қаңтар айында өткізілуі мүмкін.