Астана. 8 желтоқсан. 7kun.kz – Президент Әкімшілігінің басшысы Мұрат Нұртілеу жоғары сот органының судьялары мен аппаратына Жоғарғы Соттың жаңа төрағасы Асламбек Мерғалиевті таныстырды.
М.Нұртілеу Жақып Асановқа сот құрылымы мен сот ісін жүргізу саласын жаңғыртқаны, сот жүйесіне тиімді әрі ауқымды реформалар жүргізгені үшін Мемлекет басшысының атынан алғыс білдірді.
«Ж.Асанов әкімшілік әділет жүйесін енгізуге, азаматтық және қылмыстық істерді жүргізу тәртібін қайта қарауға, жаңа судьяларды іріктеу тетіктерін күшейтуге, Сот әкімшілігін құруға, соттарды одан әрі цифрландыруға бастамашылық етті. Бұл реформалаудың күрделі кезеңі еді. Шындығында, көп жұмыс атқарылды. Дегенмен, соттарды жаңғырту – ұзақ әрі тоқтамайтын процесс», - деді ол.
Ж.Асанов әріптестердің арқасында 5 жылда бірқатар шараларды қабылдау мүмкін болғандығын атап өтті. «Жоғарғы Сотта азаматтардың, қоғам мен мемлекеттің тағдырына шын алаңдайтын адамдарды кездестіре алғаным үшін қуаныштымын. Біз сіздермен бірге консервативтік жүйені өзгерте алдық, азаматтар мен қоғамның, судьялардың мүддесі үшін көптеген идеялар мен жобаларды іске асырдық. Сот ісін жүргізуді жеңілдеттік, жүктемені азайттық, судьялардың тәуелсіздігі мен материалдық жағдайын жақсарттық, әкімшілік әділет пен басқа да жаңашылдықтарды енгіздік», - деді Ж.Асанов.
Ол Президентке алдағы реформаларға алғышарт болатын мықты база құруға қолдау көрсеткені үшін шынайы ықыласын жеткізді. Ж.Асанов: «Күшті, тәуелсіз соттар – кез-келген заманауи демократиялық елдердің даму кепілі» - дей келе, судьяларға риясыз жұмысы, заң үстемдігіне деген адал қызметі, азаматтардың мәселелеріне бей-жай қарамайтын айрықша көзқарасы үшін алғысын білдірді.
М.Нұртілеу А.Мерғалиевтің кәсібилігін, судьялық және басшылық лауазымдағы ұзақ жылғы еңбек өтіліне тоқтала келе, жаңа төраға сот актілерінің сапасы мен халықтың соттарға деген сенімін одан әрі арттыруға бар күш-жігерін жұмсайтынына сенім білдірді.
А.Мерғалиев 1972 жылдың 2 сәуірінде Павлодар облысының Ертіс ауданында дүниеге келген.
Ыстамбұл мемлекеттік университетін бітірген.
1998-1999 жж. – Екібастұз қаласының жеке фирмасында заңгер.
1999-2003 жж. – Павлодар облыстық Әділет басқармасы мен Павлодар облыстық сотында бас маман.
2003-2007 жж. – Павлодар қалалық сотының судьясы.
2007-2014 жж. – Павлодар облысы Екібастұз қ. мамандандырылған әкімшілік сотының, Екібастұз қалалық сотының, Павлодар қаласы №2 сотының төрағасы.
2014-2015 жж. – Солтүстік Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы.
2015-2020 жж. – Қостанай облыстық сотының төрағасы.
2020 жылдан бастап қазіргі күнге дейін – Ақтөбе облыстық сотының төрағасы.
Еске сала кетейік, 2022 жылғы 8 желтоқсанда Парламент Сенаты Асламбек Мерғалиевті Жоғарғы Соттың жаңа төрағасы етіп сайлады.
Жақып Асанов басқа жұмысқа ауысуына байланысты Жоғарғы Сот төрағасы лауазымынан босатылды. Ол бұл қызметті бес жыл атқарды.