Алматы. 9 сәуір. 7kun.kz – Жамбыл облысының әкімі Асқар Исабекұлы Мырзахметов Facebook әлеуметтік желісінде жеке парақшасын ашты, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Әкім өзінің алғашқы жазбасында аймақтың дамуы, оның әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің артуы билік пен халықтың бірлесе жүргізетін жұмысына тікелей байланысты екенін жеткізген. Сондай-ақ, ол халық арасындағы байланысты бекіте түсу мақсатында «Facebook» әлеуметтік желісінде жеке парақшасын ашу туралы шешім қабылдағанын жазды.
«Киелі Әулиеата өңіріне қызметке келген күннен бастап тұрғындармен, зиялы қауыммен байланыса отырып, бірқатар істі еңсердік. Алда жүзеге асырылар жобалар да аз емес. Пікір алмасу алаңын тиімді пайдалана отырып, облысымыздың қоғамдық өміріне, әлеуметтік, экономикалық және өзге де салаларына қатысты өз ойларыңызды, ұсыныстарыңызды білдірерсіздер деген сенімдемін », – деген Асқар Мырзахметов өз жазбасында.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының және облыстардың әкімдерімен өткен Кеңесте шенеуніктерге халықпен жұмыс істеу үшін әлеумттік желілерді пайдалануды тапсырған болатын.