Экономика
Авто
«Астана банкінен» ақшасын ала алмаған салымшылардың жүрек талмасы ұстап, естен танып жатыр
Астана. 3 мамыр. 7kun.kz - "Астана банкінен" ақшасын ала алмаған салымшылар жаппай даурығып жатыр. Жеке тұлғалар ғана емес, компаниялар да банктегі шотын біржолата жапқысы келеді. Ал клиенттердің бұлайша дүрлігуіне өткен аптада проблемалы қаржы ұйымдарының қатарында осы банктің аты аталуы себеп болған деп жазады Sputniknews.kz .
Мұны ести сала жинақтарын алуға асыққан жұртқа "Астана банкі" ақша тауып бере алмай, енді шектеу шараларын
қолдануға мәжбүр.
"Астана банкі" салымшылардың ақшасын қайтара алмай, бүгін тағы сабылтып қойды. Әбден жүректері шайлығып қалған кейбір клиенттің тіпті талмасы ұстап, жедел-жәрдем шақыртуға тура келген. Жеке тұлғалар тұрмақ, қазір кәсіп иелері де әне-міне жарылуға шақ тұр. Өйткені, банк олардың да есепшоттарына шектеу қойып тастапты. Яғни, миллиондардың орнына тек 50 мың теңге шешуге рұқсат еткен. Салдарынан, қаны басына шапқан бизнесмендер банкирлерге келіп сес көрсетті.
Банк басшылары бұл жағдайдың уақытша шара деп түсіндіріп жатыр.
"Қазіргі таңда қолма-қол ақша жағынан кішкене қиыншылықтар туындап тұр. Себебі 3-4 күнде заңды және жеке тұлғалар қолма-қол ақшаны көп шешіп алды. Бүгінде банк барлық мәселені шешіп жатыр", — дейді "Астана банкі" Алматы филиалының директоры Қайсар Иманғалиев.
Сонымен қатар, Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев шетелде жүрген салымшыларының картасынан шектеуді алып тастауды талап еткен. Ал Қазақстандағы клиенттерге 1 маусымға дейін күтуге тура келеді.
"Банктер азаматтардың ақшасын ұстап отыр. Ұлттық банк ретінде біз екінші деңгейлі қаржы ұйымдарының салымшылар алдындағы міндетін орындатуға жауаптымыз. Проблемалық банктерді анықтадық. Олармен жұмыс істеп жатырмыз", — деді Ақышев.
Айта кетейік, "Астана банкінің" 800 мыңнан астам салымшысы бар.