Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Астана банкінен салымдарымды қашан, қалай алсам болады?

Астана банкінен салымдарымды қашан, қалай алсам болады?
Құрметті оқырман, егер Сіз сот шешімімен жабылған Астана банкінің клиенті болсаңыз банкте қалған қаражатыңызды алу туралы ақпарат ұсынамыз. Қазіргі таңда «Еуразиялық банк» АҚ «Астана Банкі» АҚ салымшыларына кепілді өтеуді төлеу бойынша банк-агенті ретінде таңдалды. Енді Сіз салымдарыңызды алу үшін 26-шы қаңтардан бастап «Еуразиялық банк» АҚ өтініш берсеңіз болады. Дәл осы күннен бастап кепілдік берілген өтемді төлеу мен өтініштерді қабылдауды бастайды. Төлем заң бойынша Сіз өтініш берген 5 жұмыс күні ішінде төленуі тиіс. Алайда Еуразиялық банк төлемді бірден жүзеге асырамыз деп жазды. Салым бойынша төлемдер 26-шы шілде күні тоқтайды. Айта кететін нәрсе - жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер «Астана Банкі» АҚ депозиттерінде, ағымдағы және карталық шоттарда орналасқан ақша бойынша өтеуді алуға құқықтары бар. Оқырмандардың көпшілігі тек депозиттен ғана алуға мүмкіндігі бар деп ойлайды. Алайда ағымдағы және карталық шоттағы теңгемен 10 млн теңгеге, доллармен 5 млн теңгеге дейінгі мөлшердегі қаражатты алуға құқығыңыз бар. Егер сізде бірнеше депозит түрлері мен валюталары әр түрлі болса, олардың жиынтық кепілдік өтемі 15 миллион теңгеден аспауы тиіс. Мысалы: салымшыда жалпы сомасы 12 миллион теңгені құрайтын, 2 теңгелік және 8 миллион теңгені құрайтын шетел валютасындағы 3 депозит бар. Теңгедегі 2 салым бойынша кепілдікті өтеу 10 миллион теңге, шетел валютасындағы 3 депозит – 5 миллион теңгені құрайды. Осылайша, жиынтығында салымшы 15 миллион теңге алады. Кепілдікті тек тек ұлттық валютада ғана аласыз. Долларлық шоттағы қаражатыңыз 9 қаңтардағы бағамы бойынша теңгемен аударылады. Сыйақыны 9 қаңтардағы жағдай бойынша капиталдандырылған сыйақы мөлшеріне дейін төленеді. Қаражаттарды төлеу 5 әдіспен жүзеге асырылады:
  • Еуразиялық банктегі жаңа депозитке аударыммен — депозит бірден ашылады.
  • Еуразиялық банктің картасына аударыммен — карта бірден рәсімделеді, картаны шығару және ол бойынша қызмет көрсету комиссиясыз.
  • Басқа банкке аударыммен — аударымдар «Еуразиялық банк» АҚ-тың тарифтері бойынша жүзеге асырылады.
  • Кассада қолма-қол ақшамен.
  • Еуразиялық банктегі депозитке, ағымдағы немесе карталық шотқа, егер ашылып қойған болса.
Кепілдік бойынша өтемақыға «Еуразиялық банк» АҚ кассасында ақы алмайды. Алатын сомаңыз 100 000 теңге болса, тура сол ақшаны аласыз. Сондай-ақ қаражатты Еуразиялық банктен депозит ашып немесе карталық шот ашып соған комиссиясыз аудара аласыз. Ал басқа банктегі депозит немесе шотқа Еуразиялық банк тарифтеріне сәйкес комиссия алады. Қаражатыңыз Еуразиялық банктегі шотқа аударған күні келіп түсуі керек. Ал басқа банктердегі шотқа үш жұмыс күні ішінде жіберіледі. Қаражатты қайтару үшін өзіңізбен бірге мына құжаттар болуы керек:
  • ЖСН бар жеке басын куәландыратын құжаттың түпнұсқасы мен көшірмесі.
  • Сондай-ақ Еуразиялық банктің бөлімшесіне барған кезде сізге толтыру үшін арнайы өтінішті береді. Қажеттілік туындаған болса, банк қосымша құжаттарды сұрауы мүмкін.
  • Егер сенімхат арқылы басқа біреудің қаражатын алу керек босла онда салым иесінің жоғарыдағы құжаттарымен бірге алушының да құжаты және нотариус куәліндырған сенімхат болуы тиіс.
  • Егер салым иесі қайтыс болып кетіп, салым мұраға қалса, онда мұрагердің ЖСН-і бар жеке басын куәландыратын жеке куәлік, мұра құқығына берілген куәлік (немесе нотариалды куәландырған көшірме) немесе сот шешімін оның заңды күшіне енуі туралы куәлік, салымшының қайтыс болғандығы туралы куәліктің нотариалды куәландырылған көшірмесі, сондай-ақ Еуразиялық банктің бөлімшесіне барған кезде сізге толтыру үшін арнайы өтінішті береді.Қажеттілік туындаған болса, банк қосымша құжаттарды сұрауы мүмкін.
Өтемді Еуразиялық банктің барлық бөлімшелерінде алуға болады.

Похожие материалы