«Астана жұлдызы Үшінші Ұлттық музыка бәйгесі» 2015 жылдың 4 шілде күні, Астана қаласында, Бейбітшілік пен Келісім сарайында өтеді. Бәйге бастамашысы – Астана қаласы әкімдігі. Ұйымдастырушы - «Adam Media Group».
Ұлттық бәйге өтетін күні Елорда тұрғындары керемет қойылымның куәсі болады: қызыл кілем үстінен қазақстандық музыка, шоу-бизнес және кино саласындағы танымал тұлғалар жүріп өтеді.
Қызыл кілем сағат 17.00-де басталады.
Атаулы күні ең үздік өнерпаздар, ең үздік қатысушылар және ең үздік дауыстар марапатталады.
«Астана жұлдызы» Ұлттық музыка бәйгесі – отандық музыка өндірісіндегі теңдесі жоқ тың құбылыс. Соңғы жылдары тағайындалған сан қилы музыкалық сыйлықтардан басты өзгешелігі – «Астана жұлдызы» - бірінші кәсіби музыкалық бәйге. Отандық музыканың дамуына, жаңарып, жаңғыруына әсер еткен үздік өнерпаздарды құрамында 100 кәсіби маман– еңбегі сіңген әртістер, продюсерлер, композиторлар, ақындар, музыка және fashion-өндіріс мамандары, БАҚ өкілдері бар Қазақстанның Музыкалық Академиясы таңдайды. Дауыс берудің осы жүйесі әлемдік деңгейде қолданылып жүр. Жобаның басты мақсаты – кәсіби білікті сарапшылардың таңдауы арқылы ұлттық музыканың өркендеп, өрлеуіне ықпал ету, сапалы музыканың сұранысқа кеңінен ие болуына жағдай жасау.
Қарақат Әбілдина (әнші):
- «Астана жұлдызы» Ұлттық музыка бәйгесіне дайындығыңыз қандай?
- «Астана жұлдызын» асыға күтіп жүргендер қатарынанмын. Көңіл-күй өте көтеріңкі. Эстрада әртістеріне арналған осы үлкен мерекеге барынша қызу дайындық жасаудамыз. Өте көңілді, ән мен күйге, достық сырласуға, әріптестер үшін қуанышқа толы күн болады деп үміттеніп отырмын. Жалпы шілде айының осы аптасы тамаша мерекелермен есте қалады. Сондықтан тағатсыздана күтіңіздер дегім келеді.
- Қызыл кілемге қандай дизайнер киімін киесіз?
- 4 шілде күні бірнеше шараға қатысатын болып отырмын. Сондықтан «Samidel'» мен «Аруназ» сән үйлеріне бірдей тапсырыс беріп қойғанмын. Әлі тігіліп жатыр.
- «Астана жұлдызына» қатысу сіз үшін қаншалықты маңызды?
- Әріптестердің биікке жетуіне қуану мен үшін өте маңызды. «Астана жұлдызы» қазақстандық музыканың ортақ жеңісі мен жемісі. Достар, таныстар, әріптестермен сырласып, шүйіркелесіп, құттықтап бірге болу керемет сезім. Жастармен танысып, ортақ ісіміздің жеткен биігі мен алған бағытын білу, жаңалықтарынан құр қалмау – біз үшін үлкен қуаныш.
- «Астана жұлдызын» кімге табыстар едіңіз?
- Өте қиын сұрақ. Әріптестер бір жыл бойы шаршамай-талмай еңбек етті. Бәріне бір-бір «Астана жұлдызын» ұсынуға болар еді. Алайда бірегейлері жеңіске жетсін жеп тілеймін.
Гүлзира Үсенқызы (Қайрат Нұртастың продюсері):
«Астана жұлдызы» Ұлттық музыка бәйгесіне дайындығыңыз қандай?
- Жыл сайын отандық әнші-музыканттардың мерейін асыратын шараға дайындық керемет. Еліміздің шоу-бизнесі үшін екінші жаңа жыл сияқты. Бәрі асыға күтеді. Сол күні бір-бірін құттықтап, ойнап-күліп жатады. Ондай мерекеге дайын болмау мүмкін емес.
- Қызыл кілемге қандай дизайнер киімін киесіз?
- Негізі бірнеше сән үйіне тапсырыс беріп қойдым. Үлгісі, түр-түсі әрқилы. Осы екі-үш күнде барып дайын көйлектерді аламын. «Астана жұлдызының» қызыл кілеміне лайықтысын таңдап киемін.
- «Астана жұлдызына» қатысу сіз үшін қаншалықты маңызды?
- Осы шоу-бизнеске қатысым бар дейтін әр әртіс, әр музыкант, әр продюсер үшін «Астана жұлдызына» қатысу аса маңызды деп ойлаймын. Сондықтан мен ғана емес, қаншама әріптестер асыға күтіп жүр.
- «Астана жұлдызын» кімге табыстар едіңіз? Әріптестердің әр жеңісіне қуанамын. Бәрі де өз балам, өз іні-сіңілілерім сияқты. Еңбектері жанып, лайықты бағаларын алсын деп тілеймін.
Айнұр Тұрсынбаева (айтыскер):
- «Астана жұлдызы» Ұлттық музыка бәйгесіне дайындығыңыз қандай?
- Дайындығым өте жақсы. Жылда өте жоғары деңгейде өтетін шараның жиірек, көберік болуын қалаймын. Жастарға жақсы стимул береді. Биыл да таңқалдыра, тамсандыра өтетініне күмәнім жоқ.
- Қызыл кілемге қандай дизайнер киімін киесіз?
- Мен жыл сайын қызыл кілемге арнайы киім тіктіремін. Биыл да ол дәстүрімнен жаңылмаймын. Алайда қандай сән үйі екені әзірге құпия болып қалсын.
- «Астана жұлдызына» қатысу сіз үшін қаншалықты маңызды? Ең біріншіден отандық жоба. Жұмылған жұдырықтай бірге атсалысу өте маңызды. Осындай ауқымды шараның бел ортасында жүру, тарихи шараның бөлшегі болу – үлкен құрмет.
- «Астана жұлдызын» кімге табыстар едіңіз? Өзімнің құрбым, қазақ эстрадасының жарық жұлдызы, еңбекқор, халықтың сүйікті қызы Қарақат Әбілдинаға табыстағым келеді.
Сәкен Майғазиев («МузАРТ» тобының әншісі):
- «Астана жұлдызы» Ұлттық музыка бәйгесіне дайындығыңыз қандай?
- Әрине, күтіп, дайындалып жүрмін. Отандық дүниені қолдау азаматтық парызымыз. Алға жасалған әрбір қадам үшін шексіз қуанамын. Ұйымдастырушылардың кәсіби деңгейіне титтей де күмәнім жоқ. Қайта ризашылығым теңіздей. Оның үстіне Астана – Елордамыздың туған күніне орайластырылған мереке болған соң, дайындық екі есе қызу.
- Қызыл кілемге қандай дизайнер киімін киесіз?
- «МузАРТ» ансамблімен 8 жыл қатарынан жұмыс істеп келе жатқан Әсем Теңізбаева атты қарындасымыз бар. Үнемі сол қарындастың қолынан шыққан костюмдерді киеміз. Биыл да сол дәстүрден жаңылмайтын шығармыз.
- «Астана жұлдызына» қатысу сіз үшін қаншалықты маңызды? «Астана жұлдызы» - алдыңғы буын ағалар мен кейінгі буын інілердің тоғысатын, кездесіп, сырласып, қуанышқа ортақтасатын жиыны. Сонысымен аса маңызды. Жыл сайын жас мен беделіне қарамай бәрін бір жерге жинап, ортақ мереке сыйлау идеясы өте керемет. Оның құрметті қонағы болу біз үшін аса маңызды.
- «Астана жұлдызын» кімге табыстар едіңіз?
- Биыл әр әнші өз деңгейінде жұмыс жасады. Іштей жақсы көретін әншілерім көп. Көбіне жастарды қолдағым келеді. Бәріне бірдей берер едім. Дегенмен лайықтысы жеңетініне сенімім мол.