Астана. 6 апреля. 7kun.kz - Дүниежүзілік денсаулық күні Астана қаласында «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен «Қасиетті Жол» Қоғамдық Қайырымдылық Қорының республикалық ауқымдағы «#ҚазақстанЖақсылықЖасайды» жобасы басталады. Бұл туралы "Samruk-Kazyna Trust" қорының баспасөз қызметі хабарлады.
Бұл күні №2 Қалалық балалар ауруханасында жоба аясындағы алғашқы акцияның тұсаукесері өтеді. Атақты дизайнерлер мен суретшілер балалармен бірге ауруханының қабырғаларын көркем суреттермен безендіреді.
«Аталған жоба арқылы әрбір қазақстандықтың айналысатын ісі мен кәсібіне қарамастан өмірімізді көркейтіп, ізгілік пен мейірімге бөлей алатындықтарын дәлелдегіміз келеді. Олар әртүрлі салалардағы еріктілер: суретшілер, құрылысшылар, дәрігерлер немесе мұғалімдер. Ал біздің қордың қызметі сал ауруына шалдыққан балаларға көмек көрсетуге арналған жобалармен байланысты болғандықтан, «#ҚазақстанЖақсылықЖасайды» жобасы аясында Қазақстан бойынша 14 оңалту орталығын ашуды жоспарлап отырмыз», - деп ой бөлісті Қордың президенті Гүлмира Алимова.
Бүгінгі таңда Қазақстанда 13 433 бала сал ауруына шалдыққан болса, олардың тек 2 621 (20%) 2015 жылы оңалтудан өткен. Мемлекеттік медициналық мекемелерде оңалту-сауықтыру орындарының тапшылығына орай 10 мыңнан аса бала өз дерттеріне мойынұсынуға мәжбүр.
«Біздің мұрындық болуымызбен ашылған Астанадағыдай оңалту орталықтары еліміздің түкпір-түкпірінде жұмыс жасап отырса, бұл балаларға көмектесуге болар еді. Осы орайда Қордың арнайы әзірленген әдіснамасы бар және онымен бөлісуге даярмыз. Аталған балалардың тағдырына бей-жай қарамайтын барлық қазақстандықтарды, атап айтсақ атқарушы билік органдарын, бизнес-құрылымдар мен мамандарды игі бастамаға қолдау көрсетіп, атсалысуға шықарамыз», - деді қор директоры Гүлмира Әбілдина.