Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Астанада қоғамдық көліктерге "салық" салынуы мүмкін

Астанада қоғамдық көліктерге "салық" салынуы мүмкін

Астана. 2 қазан. 7kun.kz — Қазіргі уақытта автопарктер жаңа автобустардың ақшасын қайтармай жатыр. Бұл туралы  "Астана LRT" компаниясы төрағасының міндетін атқарушы Жанна Ақжанова мәлімдеді, деп жазды inform.kz.

Жанна Ақжанованың айтуынша, 2014 жылы Астана LRT қала әкімдігінің кепілдігімен 107 млн еуро, ал екі жылдан кейін тағы 65 млн еуро несиеге алған. Ол ақшаға 568 жаңа автобус сатып алынған.

"Барлық көліктерді жолаушы тасымалдаушыларға таратып бердік. Олар жаңа көліктермен xалықты тасып, ақша тауып, несиені қайтаруы тиіс еді. Алайда оған жете алмадық. Тасымалдаушылар табыс түспей жатқандығын айтуда. Ал несиені “Астана LRT” компаниясы мен әкімдік қайтаруға мәжбүр", - деді ол.

Алдағы уақытта автобустарды тағы да жаңарту үшін, 1600 автобус керек болады. Қазіргі курспен санағанда, шамамен 220 млрд теңге болады. Бюджеттік субсидиялар да тапшы. Осыған байланысты "Астана LRT" компаниясы қоғамдық көлік кешенін қаржыландырудың бірнеше үлгісін ұсынып отыр. Бір ұсынысқа сәйкес, жол жүру ақысын көтеру керек. Бюджетке түсетін салмақты барынша азайту үшін бір билеттің бағасын 300 теңгеге арттыру қажет. Алайда xалықтың қалтасы ондай бағаны көтермейді.

"Біз жаңа революциялық жолды ұсынамыз. Соның арқасында бір отбасының қоғамдық көлікке кететін шығындарын азайтып қана қоймай, бюджетке түсетін салмақты да төмендетуге болады. Жаңа жүйеге сәйкес, қоғамдық көлік ақысы Бірыңғай есептеуіш орталығына төленеді. Қазіргі кезде ай сайын аталған орталық арқылы барлық коммуналдық төлемдерді, лифт пен күл-қоқысты шығарғаны үшін ақша төлейміз. Сол сияқты әрбір тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысанынан 1,7 АЕК көлемінде алымды жинасақ, онда қаржының ашықтығын қамтамасыз ете аламыз", - деп атап көрсетті Ақжанова.

Оның сөзінше, қаланың әрбір тұрғыны қоғамдық көлік "салығын" төлесе, қоғамдық көлікпен жүруге кететін шығындар азаяды. Зейнеткерлер және тағы басқа адамдар ол салықтан босатылуы шарт. Ал жеке көлікпен жүретін адамдар автобусқа мінбесе де, ақылы тұрақтар және тағы басқа орындарда жеңілдік ала алады.

Айгүл Хожантаева

Похожие материалы