Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Астанада өрттен үш адамды құтқарған өрт сөндіруші комада жатыр

Астанада өрттен үш адамды құтқарған өрт сөндіруші комада жатыр

Астана. 17 қараша. 7kun.kz – Астанада адамдарды тілсіз жаудан құтқарған өрт сөндірушінің жағдайы ауыр. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Кеше Астанада Момышұлы даңғылындағы 15 қабатты үйде алапат өрт болды. Өрт сөндірушілер өз өмірін қатерге тігіп, бес адамды аман алып шығарды. Өрт сөндірушілердің бірі – Асқар Забикулин зардап шеккендерге көмектескенмен өзін қатты күйік шалып, қазір өте ауыр жағдайда жатыр», –делінген хабарламада.

Әкімдік мәліметінше, өрт сөндірушіге беттің, арқаның, іштің, аяқтың жоғарғы және төменгі жағының 2-3 дәрежелі күйіктері, күйіктік шок деген диагноз қойылды. Зақымдану дәрежесі – 80%. Қазір ол ИВЛ аппаратында жатыр.

Өрт көпқабатты үйдің 11-қабатында тұтанған. Өрт сөндіруші Асқар Забикулин пәтерге терезе арқылы кіру үшін құтқару арқаны арқылы 12-қабаттан 11-қабатқа түскен. Ішке ену үшін қоршауды алып тастауына тура келді, үстіндегі камуфляж киімімен жанып жатқан пәтерге кіріп, 80 жастағы әжей мен 22 жастағы немересін тауып, оларды оттан шығарды. Ол сондай-ақ көрші пәтерге жүгіріп барып, балконға жасырынған және қою түтіннің салдарынан шыға алмай қалған 10 жасар баланы құтқарып үлгерді.

Астана қалалық ТЖД хабарлауынша, қызыл жалынды сөндіруге 26 адам және 6 техникасы жұмылдырылған. Апаттан 5 адам, оның ішінде бір бала құтқарылып, 10 адам эвакуацияланды. Көміртегі тотығымен уланған үш адам, оның ішінде бір бала ауруханаға жеткізілді.

Похожие материалы