Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Астанада «Қазақ хандығы. Алтын тақ» фильмінің тұсаукесері өтті

Астанада «Қазақ хандығы. Алтын тақ» фильмінің тұсаукесері өтті

Алматы. 27 ақпан. 7kun.kz – «Нұр Отан» партиясының мерейтойлық съезіне еліміздің барлық аймақтарынан келген делегаттары «Алтын тақ» тарихи туындысының алғашқы көрермендері болды. «Қазақ хандығы» киносериалының екінші маусымы кинонұсқасының тұсаукесері Астанадағы «Қазақстан» орталық концерт залында өтті.

Тұсаукесер салтанатын ашқан мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы «Қазақ хандығы» киножобасы Елбасының бастамасы бойынша қолға алынды және халықтың рухани жаңғыруына бағытталған. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық мәдениетті,ұлттық кодты сақтай білу. Олар сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайтындығын атап өткен болатын. Фильмде тарих қана емес,  көшпенді халықтың бай мәдениеті, оның тыныс-тіршілігі бейнеленген. Сонымен қатар, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында көтерілген мәселелер фильмде көрініс тапқан», - деп атап өтті.

Көп сериялы фильмді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Centaurus Rustem Abdrashev production»  ЖШС-нің қатысуымен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген.

Фильмнің режиссері – Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, кинорежиссер, сценарист және суретші Рүстем Әбдірашов.

10 сериядан тұратын тарихи сериалдың екінші маусымының сценарийін жазуға бірінші маусымның авторлары Тимур Жақсылықов, Смағұл Елубай, Рүстем Әбдірашов қатысқан.  Ал жобаның авторы – ҚР Президенті Н. Ә. Назарбаев.

«Екінші маусымның аты айтып тұрғандай «Қазақ хандығы.Алтын тақ». Қазақ хандығындағы ең күрделі кезеңдердің бірі. Жәнібек пен Керейдің Әбілқайыр Шайбани ұрпақтарымен Қазақ хандығының Сығанақтағы тағы үшін тақталасы. Бұл маусымда тақты, Ақорданың астанасы Сығанақты қайтару сынды маңызды оқиғалардың айналасында өрбиді. Бірінші маусыммен салыстырғанда бұл әрине әлдеқайда қызықырақ, динамикасы жағынан жылдам. Экшн көп болады. Көрерменге қызықты болады деген ойдамын», - деді фильмнің бас продюсері Арман Әсенов.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толуына байланысты жасалған сериалдың бірінші маусымының телевизиялық тұсаукесері 2017 жылдың наурызында өткен болатын. Сондай-ақ, сол жылы қаңтар айында «Алмас қылыш» атты кинонұсқасы жалпыұлттық прокатқа шыққан болатын. Ал прокатқа «Қазақ хандығы. Алтын тақ» фильмі биыл наурыз айында шығады.

Похожие материалы