Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Астанада Town hall форматында кездесу өтті

Астанада Town hall форматында кездесу өтті

Алматы. 22 ақпан. 7kun.kz – «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы алғаш рет Town hall форматында кездесу өткізді, - деп хабарлайды 7kun.kz  тілшісі.

Town hall – қызметкерлердің корпоративті рухын қалыптастырып, қарым-қатынасын жақсартуға бағытталған жиынның жаңа форматы. Мемлекеттік корпорацияның алғаш рет өкізген «галстуксыз» отырысына жиналғандар өз тәжірибелерімен бөлісіп, ұсыныстарын айтып, мемлекеттік қызметтерді сапалы көрсету жолдарын еркін түрде талқылады.

«Мемлекеттік корпорация – еліміздің барлық аймағын қамтыған бірегей ұйым. 18 мың жұмысшы мемлекеттік қызметтердің сапалы көрсетілуіне өз үлестерін қосып жүр. Олардың әрқайсысының инновациялық идеясы мен ұсынысы қашанда қолдау табады. Жүзеге асқан бірнеше жоба да – осының дәлелі», – деп өтті Town hall шарасының ашылуы барысында сөз сөйлеген мемлекеттік корпорацияның басқарма төрағасы Абылайхан Оспанов.

Бірегей идея авторларының бірі – Әнуар Қожахметов. Ол қызметкерлердің емханадан алатын еңбекке уақытша жарамсыздық парағын онлайн форматқа көшіруді ұсынған. Жиында сөз алған ол: «Бірде досым емханадан алған сырқат парағын жоғалтып, қайта алуға баратынын айтты. Ал, егер сол құжат үшін мүлде емханаға барудың қажеті болмаса дегенімде, бұл бұрыннан қалыптасқан дүние ғой деп жауап берді. Біз бұрыннан қалған жүйені өзгертуден қорықпауымыз керек. Цифрлық өмір – қағазбастылықтан арылуға көмектеседі, қарапайым қазақстандықтардың өмірін жеңілдетеді», – деп идеясының қалай туындағанын айтып берді. Айта кетейік, емханада берілетін сырқат парағын онлайн жүйеге ауыстыру ұсынысы денсаулық сақтау министрлігі тарапынан қолдау тауып, бүгінде оны техникалық тұрғыда жүзеге асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.    

Кездесуге Индонезияда өткен Азия пара ойындарының жүзуден 2 дүркін жеңімпазы Ержан Сәлімгереев те қатысты. Мемлекеттік корпорацияға 2018 жылы жұмысқа орналасқан спортшы биылғы «100 жаңа есім» жобасында да жеңімпаз атанған. Тоғыз жасында трансформатор будкасына тоққа түсіп, бір аяғы мен қолынан айырылған ол қайсар мінезінің арқасында қиындықтарды еңсеріп, спортқа араласып, тағдыр тәлкегіне беріспеген. «Спорт менің өмірімді түбегейлі өзгертті. Қиындықтарға төтеп беріп, мақсат қойып соларға жету – басты міндетім. Осы жігерлі мінезіммен мемлекеттік корпорацияның дамуына да өз үлесімді қосқым келеді», – дейді Ержан Сәлімгереев.

Айта кетейік, мемлекеттік корпорацияда мүмкіндігі шектеулі 600-ден аса қызметкер жұмыс істейді.

«Азаматтарға арналған үкімет» еліміз бойынша мүгедектігі бар азаматтарды ең көп жұмыспен қамтыған бірден-бір мекеме. «Оларға қолдау көрсетіп, дені сау азаматтармен бір қатарда жұмыс істеуге мүмкіндік беру де – адами ресурстарды бағалайтынымыздың көрінісі», – дейді корпорациядағылар.          

Town hall форматында өткен шараға мемлекеттік корпорацияның басқарма мүшелері, өңірлік филиал басшылары, Астана филиалының қызметкерлері – жалпы 500 адам қатысты. Басқосу барысында корпоративтік мәдениет диагностикасы жобасының қорытындысы айтылып, цифрлық мәдениетті қалыптастыруға негіз болатын корпоративті құндылықтар айқындалды. Мұндай шараның мақсаты қызметкерлерді компанияның күнделікті жұмысына белсенді атсалысуға ынталандыру, сервистік мәдениет деңгейін жоғарылатуға жұмылдыру.

Похожие материалы