Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Астанадағы ең қымбат 5 пәтер

Астанадағы ең қымбат 5 пәтер

Астана. 25 наурыз. 7kun.kz - Халықаралық Homsters.kz компаниясының сарапшылары Астана қаласындағы ең қымбат пәтерлердің рейтингін дайындады. ТОП-5-ке Homsters.kz сайтында сатылатыны туралы хабарландыру берілген үйлер кірді.

Ең қымбат пәтер «Альтаир» ТҮК-інде орналасқан. Алты бөлмеден тұратын, жалпы аумағы 404 шаршы метрді құрайтын үйді 730 млн теңгеге сатып алуға болады, бұл АҚШ долларына шаққанда 2,13 миллион көлеміндегі қаржыны құрайды. Аталған пәтердің бір шаршы метрінің бағасы – 1,8 млн теңге ($5,3 мың). Сатушылардың айтуына қарағанда, бұл үйдің барлық жиһазы мен әрлеуге арналған құрылыс материалы Венециядан әкелінген.

Жалпы аумағы 701 шаршы метрге тең «Европа Палас» ТҮК-індегі он бөлмелік пентхаус рейтингте екінші орын алып отыр. Үй иелері жылжымайтын мүлік бағасын 728 млн теңге деп көрсетіпті ($2,12 млн). Бір шаршы метрінің құны шамамен 1 млн теңге болады ($3 мың). Пәтерде жиһаздың кейбір түрі қойылған.

«Европа Палас» ТҮК-індегі тағы бір пәтер рейтингтің үшінші орнына ие болды. Жалпы аумағы 225 шаршы метр болатын төрт бөлмелік апартамент жерасты паркингіндегі көлік қоюға арналған екі орнымен бірге сатылады. Дизайны классикалық стильде жасалған және үй толықтай жиһазбен қамтамасыз етілген. Пәтер құны шамамен 347 млн теңге ($1 млн). Бір шаршы метрінің бағасы 1,5 млн теңге айналасында ($4,5 мың).

«Альтаир» ТҮК-інде орналасқан тізімдегі келесі пәтер де төрт бөлмеден тұрады. Барлық жиһазы бар және бірден кіріп, өмір сүре беруге болатын үйді сатып алу үшін 289 млн теңге қажет ($843 мың). Жалпы аумағы – 212 шаршы метр. Бір шаршы метрінің бағасы 1,4 млн теңгені құрайды ($4 мың).

Рейтингтегі бесінші орынды «Отель Дипломат» ТҮК-індегі бес бөлмелік пәтер алып отыр. Паркингте екі орны және төрт жуыну-дәрет алу бөлмесі бар үйдің бағасы – 275 млн теңге ($802 мың). Жалпы аумағы 420 шаршы метрге тең. Бір шаршы метрінің құны 655 мың теңгені құрайды ($1,9 мың).

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Homsters.kz мамандарының дәл осындай рейтингті Алматы қаласы бойынша әзірлегенін жазған болатынбыз.

Похожие материалы