Астана. 3 қазан. 7kun.kz — Астанада 2017 жылдың екінші тоқсанында жұмыссыздық деңгейі 4,5 пайызға дейін төмендеді. Бұл туралы Астана әкімдігінің медиа орталығы хабарлады.
Астана қаласы жұмыссыздықтың ең төменгі деңгейімен көш бастап келеді. Аталмыш көрсеткіш республикалық көрсеткіштен 0,4 пайыз төмен. Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі (15-28 жас аралығындағылар) - 4,5 пайыз (4,7 пайыз болжанған) және әйелдер арасындағы жұмыссыздық - 4,6 пайыз (болжанған деңгей 4,9 пайыз).
2017 жылдың cегіз айында мемлекеттік қолдау шаралары 20 219 адам қамтылған. Бұл өз кезегінде 93 пайызды құрайды. 11 536 адам жұмыс іздеп келсе, олардың 6 725-і жұмысқа орналастырылды (3882- тұрақты жұмысқа, 223-уақытша жұмысқа, 695-жастар практикасы бойынша, 186 – әлеуметтік жұмыс орындарына және 1739 – қоғамдық жұмыс орындарына).
Астаналық еңбек, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының ақпаратынша, бос жұмыс орындары бойынша мәліметтер базасы күн сайын жаңарып отырады. Бұдан басқа, бос жұмыс орындары бойынша мәліметтер базасын толықтыру мақсатында жаңа жұмыс берушілерді тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Айгүл Хожантаева