Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Астаналық журналистер фактчекинг бойынша кеңес алды

Астаналық журналистер фактчекинг бойынша кеңес алды
Астана. 7 қараша. 7kun.kz - Астана, 5-6 қараша, 2018 ж. – 2018 жылдың 5-6 қараша күндері Kazinform порталы мен «Егемен Қазақстан» газетінің журналистері және редакторлары халықаралық жаңалықтарды тарату, постшындық дәуіріндегі редакциялық саясат, сонымен қатар фактчекингтің тәжірибесі мен негіздерін үйренді.

Wpost (польшалық апталық) журналисі, Польша Репортерлар Қоры басшысының орынбасары Анна Гилевска (Польша) және FactCheck.kz қазақ редакциясының бас редакторы Думан Смақов өздерінің фейктармен күрес тәжірибесімен бөлісіп, ақпаратты жариялар алдында оны тексерудің қаншалықты маңызды екендігін түсіндірді.

Тренинг аясында фактчекингтің құралдары мен әдіснамалары, жаңалықты дайындау барысында ақпараттың түпдерегі мен цифрлы технологияны тексеру, тексерілген ақпаратты визуалдау, халықаралық жаңалықтарды тарату мен ақпараттың түпдерегін әртараптандыру сынды сұрақтарға жауап берілді. Тренинг-консультациялар ағылшын және қазақ тілдерінде болды.

2 жылдық жоба аясында мұндай тренинг-консультацияларға 100-ден аса журналист қатысты. Алматыда «7 күн» және «Жас өркен» редакцияларында қазақ тілінде және Курсив.kz, Holanews.kz, Sputnik, Tengrinews, Zakon.kz, Информбюро редакцияларында орыс тілінде дәл осындай тренингтер өтті.

Кеңестен бөлек, халықаралық (Ұлыбритания, Нидерланды, Грузия, Польша) және Factcheck.kz (Қазақстан) тренерлері фактчекинг және халықаралық жаңалықтарды тарату бойынша журналистерге, студенттерге және ЖОО оқытушыларына екі-үш күндік тренингтер мен мастер-класстар өткізіп тұрады. Қазіргі күнге дейін 300-ге жуық қатысушы фактчекинг туралы жалпылама мәлімет алды.

 Тренингтер Қазақстандағы «MediaNet Халықаралық журналистика орталығы» мен Albany Associates International және IREX Europe бірлесе отырып жүзеге асырып отырған аймақтық жоба аясында ұйымдастырылды.

Орта Азия журналистикасындағы жаңалықтардың сапасын және БАҚ-тың сауаттылығын арттыру мақсатында жүзеге асып жатқан жобаға Астанадағы Ұлыбритания елшілігі қолдау көрсетеді.

Похожие материалы