Астананың салық қызметкерлері бюджетке 768,9 млрд теңге көлемінде кіріс түсірді
Астана. 10 ақпан. 7kun.kz - Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті 2015 жылы мемлекеттік бюджетке жалпы сомасы 768,9 млрд теңге көлемінде кіріс түсірді. Кірістер өсімі 62 млрд теңгені құрады, салық түсімдеріне қарыздар 0,9% деңгейіне дейін азайтылды. Бұл туралы Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Әбілқайыр Сқақов 2015 жылдың қорытындылары мен 2016 жылға арналған жоспарлар бойынша өткен кеңейтілген жиын барысында айтты.
Ә. Сқақовтың айтуынша, экономикалық дағдарысқа қарамастан Департамент жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді.
«Жүйелі жұмыс нәтижесінде бюджетке қосымша 169 млрд. теңге тартылды. Салықтық тексерулерді 38%-ға азайттық, бірақ борыштарды өндіріп алуды 13 есеге көбейттік. Жыл қорытындысы бойынша салық төлемей жүрген борышкерлерден 20,3 млрд. теңге өндіріп алынды. Камералды бақылау 6000 субъектіге кем қамтылды, дегенмен нәтижесі екі есеге өсті. Заң бұзушылар қатаң бақылауға алынды, адал кәсіп жүргізіп отырған салық төлеушілердің ісіне кедергі келтірмеу принципі бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр», – деді Ә. Сқақов.
«Астана – жалған кәсіпорынсыз қала» атты жоспарды жүзеге асырудың нәтижесінде қолма-қол ақша айналымы 17%-ға қысқарды, қаладағы жалған кәсіпорындар саны 60%-ға азайды.
Департамент басшысының сөзіне қарағанда, Астаналық кіріс органы жұмысының басты нәтижесі кедендік және салықтық әкімшілендірудің бірыңғай орталығын құру болып табылады. Соның арқасында бюджетке түскен түсім көлемі экономиканың даму қарқынынан да арта түсіп, мемлекеттік қызмет сапасы да жақсарды.
«Біз салық төлеушілерге қызмет көрсету уақытын 10 минутқа қысқартып, электронды қызмет түрін 80,5%-ға дейін көбейттік», – дейді Ә. Сқақов.
Сөз соңында қалалық Департаменттің басшысы биылғы жылға арналған жұмыс жоспарларымен таныстырып, аталған қызметтің жаңа бастамаларды қолға алатынына сенім білдірді.
Фото: astana.gov.kz