Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

«Атамекен» алаңында «Қазақ кәсіпкерлік білім беру қауымдастығы» құрылды

«Атамекен» алаңында «Қазақ кәсіпкерлік білім беру қауымдастығы» құрылды

Алматы. 11 наурыз. 7kun.kz -  «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен Қазақстанның білім кеңістігінде кәсіпкерлікке оқытатын жоғары оқу орындарын құру тақырыбында алқалы отырыс өткізілді.

Білім мен бизнесті байланыстыратын жаңа бағыттың қалыптасуына арналған жиын «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиевтің басшылығымен өтті. Аталған жиынға AlmaU кәсіпкерлік университетінің президенті Асылбек Қожахметов, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Дархан Ахмед-Заки, ҚР Параламенті Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова, сондай-ақ, республиканың экономика, инновация, техника, агрокешен салаларында қызмет ететін 17 жоғары оқу орнының басшылығы қатысты.

Отандық экономикада білім жүйесі жетелеуші фактор болуы керек екені қоғамда жиі айтылады. Осы бағытты жүзеге асыру үшін «Атамекен» ҰКП жетекші жоғары оқу орындары басшылықтарын жинап, мәселелерді талқылауға мүмкіндік беріп отыр.

«Қазба байлық ресурстардың азаюына, мұнай бағасының түсіуіне байланысты ел экономикасын дамытудың жаңа көздерін табу керек. Мұнай бағасының құлдырауы, әрине, қуантарлық жағдай емес, дегенмен осындай дағдарыс кезеңін пайдаланып, бізге инновациялар, технологиялар, кәсіпкерлік салаларында айтарлықтай ілгерілеу мүмкіндігі туып отыр. Сондықтан осы жағдайды барынша тиімді пайдаланайық», – деді AlmaU кәсіпкерлік университетінің президенті Асылбек Қожахметов.

Әлемде кәсіпкерлік бағытында білім беретін жоғары оқу орындар жүйесі құрылған, олар, әдетте, мемлекет қолдауынсыз дербес ақша тауып отырған білім ордалары. Бұл тенденция әлемдік практикада оқу орындардың дербестігін ғана қамтамасыз етіп қана қоймай, қоғамға қажетті, нарықта сұранысы бар білікті мамандар дайындауда нағыз бәсекелестік ортасына айналып отыр. Ал бәсеке бар жерде сапаның өсетіні айдан анық.

«Бүгінде жоғары оқу орнына түсе алмаған, орта біліммен шектеліп жатқан жастарымыз көп. Сондықтан біздің мақсатымыз мектептен, жоғары оқу орнынан кейін халықты кәсіпкерлікке баулу. Экономиканың ілгеруінде жаңа көздер қажет. Сондықтан адами капиталдың дамуына көптеген мүмкіндіктер беріліп отыр. Күні кеше «Bastau бизнес» жобасы аясында өңірлерде кәсіпкерлікті үйрететін бизнес-тренерлер легін жасақтап, оқу жұмыстарын бастадық. Бұл «Bastau бизнес» жобасының бірінші кезеңі. Биыл республиканың 80 ауданында 15 мың адамды оқытуымыз қажет. Сондықтан «Атамекенге» жауапкершілігі мол жұмыс тапсырылған», – деп атап өтті «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев.

Эльдар Жұмағазиевтың айтуынша өскелең ұрпақтың білім сапасын, біліктілігін шындау мәселесінде білім берудің жаңа әдістерін пайдаланған жөн. Балалардың жас тайынан қызығушылығын анықтап, бейіміне қарай болашақ мамандығын бағдарлап, соған қарай машықтау тиімді. Баланың қабілетін анықтау үшін түрлі тесттер мен бағдарламалар бар. Баланың энергиясын, назарын бір салаға арнау арқылы тамаша жетістіктерге жетуге болады. «Мәселен, жүзуден Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин 5 жасынан бастап жүзу спортына жазылады да 15 жыл бойы осы салаға ғана ден қояды. Нәтижесінде қанжығада алтын медаль. Ақтөбелік миллионер Марат Әбиев 5 жасынан бастап кәсіпкер болатынын білген. Бұл шешімге әкесі себепші болған. Әкесі баласына мектеп пәндері ішінен математика мен физикаға ден қоюды талап етіп, басқа пәндер бойынша бас қатырмауын айтады. Бүгінде Марат мектеп бітіре сала миллионер атанды. Мұндай мысалдар өте көп. Осы әдісті халық арасында кеңінен тарату керек», – деді ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев.

AlmaU университетінің ректоры Алмагүл Қанағатова жоғары оқу орындардың оқу бағдарламалары ескі әдістерге негізделген, олардың көбісі мемлекеттік бюджет есебінен жұмыс істейтінін алға тартты. Ал университтерге бөлінетін мемлекеттік қолдау жыл өте келе қысқаратын болады. Енді автономдыққа көшу мәселелері талқыланып келеді. Сондықтан отандық білім ордалары өзін өзі «баға алатын» бәсекеге төзімді болуы қажет. Бизнес-қоғамдастыққа кәсіпкерлер легін дайындайтын әрі өзі кәсіпкерлік бағытта дамитын жоғары оқу орны қалыптасуы жөн.

Қазақстан білім кеңістігінде қандай оқу орны кәсіпкерлік бағытта жұмыс істеуге дайын? Бұл санатқа жекеменшік университеттерді жатқызуға болады. Олардың базасы негізінде оқу үдерісіне кәсіпкерлік негіздерін енгізуге әбден мүмкін.

«Университеттер үш деңгейде даму керек. Ол университет-кәсіпкер, ұстаз-кәсіпкер, студент-кәсіпкер. Бірінші деңгей университет өзі кәсіпкер ретінде нарыққа жеке меншік оқу орын болып қалыптасуы. Ол үшін елімізде заң жағынан болсын, бизнесте болсын мүмкіндіктер бар. Екінші үшінші бағыт бойынша жұмыс істелуі қажет. Яғни кәсіпкерлікке үйрететін кәсіпкерлікті білетін ұстаздарды қалыптастыру қажет. Отандық білім жүйесінде дағдарыс кезеңі өтіп жатыр. Мектеп түлектерінің шетелге оқуға кетіп жатқанын да назардан қалдырмайық. Кәсіпкерлік білім беру бағыты отандық білім беруде сапаны жақсартады, замануи әдістер енгізіледі, сонымен қатар бұл әдіс қаржы жағынан да тиімді», – деді С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры Арын Өрсариев.

Шара барысында жоғары оқу орындары өкілдері кәсіпкерлік негіздерін оқытуды қолға алуды оң қабылдады. Дегенмен, кәсіпкерлікті студенттерге үйрететін ұстаздар легін қалай жасақтау керек деген сынды көптеген мәселелер көтерілді. «Бүгінде университеттердің кәсіпкерлік білім беру саласына көшу жөнінде тұжырымдама жасалған. Алайда бұл құжат әлі де жетілдіруді қажет етеді. Бұл бағытта бізге ҚР Білім және ғылым министрлігі мен ҰКП қолдауы қажет. Білікті ұстаздар легін жасақтап, бүтін эко-жүйе қалыптастыру керек. Бастысы мақсатымыз анық, алдымызда қыруар жұмыс күтіп тұр», – деді Алмагүл Қанағатова.

Шараға қатысушылар кәсіпкерлік білім беру қозғалысын дамытып, нәтижелі жұмыс істеу үшін  арнайы жұмыс тобы қажет екенін алға тартты. «Атамекен» ҰКП бастамасымен жиынға қатысушылар бір ауыздан «Қазақ кәсіпкерлік білім беру қауымдастығы» атты жаңа қауымдастықтың негізін қабылдады. Отырыс барысында дауыс беру арқылы Қауымдастықтың төрайымы болып AlmaU университетінің ректоры Алмагүл Қанағатова тағайындалды.

Похожие материалы