Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы елдің бизнесмендері арасында сауалнама жүргізеді

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы елдің бизнесмендері арасында сауалнама жүргізеді

Алматы. 18 қаңтар. 7kun.kz – «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Қазақстан бойынша барлық бизнес-субъектілер арасында сауалнама жүргізудің басталғанын хабарлайды.

Бизнес арасында жүргізілетін сауалнаманың басты мақсаты мен кезеңдері туралы баспасөз-маслихатында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма Төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев толығырақ тоқталып өтті.

Эльдар Жұмағазиев атап өткендей, «Атамекен» 5 жыл бұрын алдына мақсат қойған - ол бизнестің Үкіметпен жақсы қарым-қатынасын қамтамасыз ету болатын. Соған байланысты барлық өңірлерде кәсіпкерлер палатасы, кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары құрылды. Бұл бағытта айтарлықтай жұмыс жүргізілген. Сондай-ақ,  елде әртүрлі деңгейдегі, саладағы 1000-ға жуық бизнес-қауымдастықтың пікірін   «Атамекен» арқылы жүйелеп әрі саралап ортақ ұстанымды Үкіметке ұсынуға мүмкіндік туды.

«Ұлттық кәсіпкерлер палатасына бизнестің түйткіліне қатысты кәсіпкерлерден келіп түскен 25 мыңнан астам арыз-шағымның 40 пайызы оң шешімін тапқан. Жыл сайын кәсіпкерлікке қатысты заң жобалары, нормативтік-құқықтық актілер сараптамаға келіп түседі, осы бағытта бизнес-қауымдастық пен «Атамекен» ұсынысының 73 пайызын Үкімет қабылдады. Тағы бір атап өтетіні, 5 жылда «Атамекен» 800 мыңға жуық бизнеске сервистік қызмет көрсеткен. Осы аралықта Үкімет пен бизнес арасында тығыз қарым-қатынас орнатылды», - деп, мәлімдей келе Эльдар Жұмағазиев «Атамекеннің» алдағы мақсатына тоқталды.

Басқарма Төрағасының орынбасары «Атамекеннің» ендігі мақсаты – әр кәсіпкермен, ал бастысы шағын бизнеспен тікелей байланыс орнату  екенін атап айтты. Елде 1 миллион 200 мыңға жуық кәсіпкер бар. Дегенмен, қазіргі уақыттағы мәліметтер базасында толық дерек жоқтың қасы. Ал әр кәсіпкердің жеке түйткілді мәселелерін, әр кәсіпкердің пікірін білу, қажеттілігі мен сұранысын айқындау үшін ең алдымен қажеттісі - ол мәлімет. Сол бағытта  «Атамекен» ел ауқымында кәсіпкерлерді  сауалнамаға қатысуға шақырады.

300-ден астам «Атамекен» қызметкері алты ай аралығында еліміздің әр кәсіпкерінің пікірін біліп, сауалнама жүргізуге  атсалысады.

«Атамекен» базасындағы 480 мың кәсіпкерге бүгіннен бастап арнайы СМС-хабарлама жіберілетін болады. Сауалнама екі кезеңде жүргізіледі. Бірінші кезең – телефон арқылы 4 сұрақтан тұратын сауалнама. Сауалнаманың екінші кезеңінде «Атамекен» қызметкерлері бизнес-объектілеріне барып, кәсіпкерлермен жеке сұхбаттасу өткізуді жоспарлап отыр.

«Сауалнама аясында жиналған ақпарат Ұлттық кәсіпкерлер палатасы филиалдарының жұмысын күшейту мақсатында барынша бірегей мәлімет болмақ. Осыған байланысты кәсіпкерлер сауалнамаға барынша атсалысып,  қолдау көрсетеді деген үміттеміз», – деді «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев.

Сондай-ақ, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының мамандары сауалнама аясында кәсіпкерлердің Аtameken Services порталына тіркелуіне көмектесіп, тегін сервистік қызмет түрлерімен таныстырады. Порталда 60-тан астам онлайн режимде берілетін пайдалы және тегін қызмет түрлері шоғырланған. Бұл қызмет түрлері кәсіпкерлер сұранысын ескере отырып, төрт басты бөлікке жинақталған.

Осылайша, кәсіпкерлер Аtameken Services арқылы бір өтінім бере отырып, еліміздің барлық қаржы институттары мен банктеріне несие алуға тапсырыс жасап, онлайн арқылы оқу курстарынан өтіп, түйткілі туралы ақпарат бере алады.

Похожие материалы