Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

АТФ-банктің Адем базарына қатысы бар ма?

АТФ-банктің Адем базарына қатысы бар ма?

«Адем» базары үш ғимараттан тұрады. Жұрт оларды қалаға ең жақынынан бастап 1-Адем, 2-Адем және 3-Адем деп атайды. Өртенген бірінші Адем. Ол – ең бұрын салынған және үшеуінің ішінде саудасы ең жақсы базар.

Оқиға орнына күндізгі 11-лер шамасында бардым. 1-Адемді автотұрағымен бірге қоршап тастаған. 2-Адемнің алды тыныш, ал 3-нің кіреберісінде біраз халық бар екен. Солай қарай жүрдім.

«Бутикті 100 мың долларға сатып алғандар бар»

IMG_20150427_123314 Автотұрақта 3 жедел жәрдем көлігі тұр. Медиктер таңғы сағат сегізден бері осында екен. «Оннан аса адамға көмек көрсеттік. Бәрі қан қысымы көтерілгенін, өзін нашар сезінгенін айтып шағымданды. Бірақ тым ауыр халде түскен адам болған жоқ» деді олар. Бір кісілер құшақтасып, арқадан қағысып жатты. Дегенмен, қазір көбі есін жинаған сияқты. Айқай-ұйқай жоқ. Не ұялы телефонмен, не 2-3-тен, 4-5-тен топталып, жай сөйлесіп тұр. - Бұлар алғанды біледі де, бергенді білмейді ғой. - Миллиондап пайда табады, бірақ өрттің алдын алуға ақша салмайды. Енді біреулері А-4 форматындағы қағазға жазып жатыр. - А здесь что записывает? Очередь? – деп сұрады бір әйел. - Нет, заявление. «Директору Т.Ц. «Адем» господину» деп бастап, директордың аты-жөні жазылатын жерді бос қалдырады да, әрі қарай «арендатор бәленшеев бәленшеден» деп жазады бәрі. Бұл қанша шығын шеккені туралы арыз екен. IMG_20150427_113649 - Сіздің шығыныңыз қанша? – деп сұрадым 40-тар шамасындағы келіншектен. - «По закупке бір жарым» деп жаздым. - Бір жарым не? - Миллион. - Доллар? - Нет тенге. Какие доллары, вы че? Кто вам вернет? - Не сатушы едіңіз? - Менікі той салоны болған. - Директормен сөйлестіңіздер ме? - Жоқ, директор әлі жоқ. Сіз кімсіз? - Журналистпін. - А-а. Келгеніңізге көп болды ма? Түнде де болдыңыз ба? - Жоқ. - Неге келмедіңіз? В интернет зайдите, там... IMG_20150427_113601 - Но это возмутительно. – Әңгімеге жасы үлкенірек, кейін өзін Инесса деп таныстырған басқа бір әйел араласты. – Неге сөндірмеді? Бұл жер балтай-шалтай емес, мұнда бәрі серьезно, күзетші деген көп. Бастықтар өте серьезный адамдар. Ішкізбейді, шеккізбейді. Қалайша бүйтіп өртеніп кетті, таңғалам просто. Түгі қалмай өртеніп кетті тауарым. - Не тауар еді? - Балалар киімі болған. Менікі де шамамен бір жарым миллиондай болады. Сол жақтан «Біз төлеуге дайынбыз!» деген дауыс шықты. 30-дар шамасындағы қыз, аты Анеля екен. - «Бірдеңені қосулы тастап кетіпсіңдер» деп соңында өртке өзімізді кінәлі етіп шығарады да бір тиын төлемей қояды, - деді ол. – Сондықтан өзіміз тергеуші және адвокат жалдауымыз керек. - Келістік. Ақша қосуға дайынбыз. Бәріне айтайық. - Кім өзі мұнда, қалай еді әлгі? – деді Анеля. Зардап шеккендерді ұйымдастыратын адамды сұрап тұр. - Сізсіз шамасы, – дедім. - Жо-о, қайдағы... - Сіз не зат сатып едіңіз мұнда? - Ерлердің аяқкиімі болған. Төрт бутик және склад – шамамен 100 мың доллардың тауары, бәрі күйіп кетті. - Аренда қанша? - Мысалы, көлемі 18 шаршы метрлік бутикке 160 мың теңге төлейтінмін, бірақ мен ол бутикті сатып алғам. - Қаншаға? - 30 мың долларға. - Қашан? - Үш жыл бұрын. Әңгімеге өзгелер де қосылып кетті. - Бәріміз сатып алдық. 40-50 мыңға алғандар бар. Бірінші қатардағы сауда жақсы жүретін орындарды кейбіреулер 100 мың долларға сатып алды. - Анеля, бутикті кімнен сатып алдыңыз? - Басқа арендатордан. Бәрі нелегально. Құжат бойынша біз бутиктің қожайыны емеспіз.

«Әкімшілік қашып кетті»

IMG_20150427_130835 Жылағаннан көзі қызғарған, әлі де жастарын тыя алмай жүргендер де бар. Солардың бірі Аделя да бәсең үнмен әңгімесін айтты. - Мен мысалы, жақында ғана 15 мың доллардың тауарын кіргізген болатынмын. Кемінде 50 мың жоғалттым. - Енді не болады? - Ештеңе болмайды. - Неге олай ойлайсыз? - Өйткені, барахолка өртенді, оларға да ештеңе төлеген жоқ. IMG_20150427_123544 Осы кезде жұрт 3-Адемге кіретін есіктің алдында қарай қозғалды. Бір көзілдірікті кісі (Жетісу ауданының прокуроры Нариман Бекназаров) қайда, қалай арыз жазу керектігін түсіндіріп жатыр екен. - Бұл жерде тұра бергеннен ештеңе өнбейді. Ішкі істер департаментінің бастығы Күдебаевтың атына «мені зардап шегуші ретінде тануыңызды сұраймын» деп өтініш жазасыз, телефоныңыз бен мекен-жайыңызды көрсетесіз. Ұжым болып жазса да, ертең де, басқа күні жазсаңыздар да болады. Сосын тергеуші әрқайсыңызды жеке шақырып, қанша шығын шеккеніңіз туралы сұрайды. - Ал мамыр айының арендасын қалай кері қайтарып ала аламыз? - Ол маған емес, базарға қойылатын сұрақ. - Әкімшілік шығып, бізбен сөйлесе ме өзі? Бұл сұрақты бірнеше адам қойды. Және өртті неге сөндіре алмағанын, жұмыс орындары  қашан қайтарылатын білгісі келді. Прокурордың «Қылмыстық іс қозғалды, оның нәтижесінде өрттің неден шыққаны анықталады» деген сөзін ешкім тыңдағысы келмеді. «Шешем 20 жыл бойы Түркиядан тауар тасыды. Енді міне бәрінен бір күнде айырылды!» деп айғайлады бір әйел. Прокурор топтың арасын жарып, шығуға ыңғайлана бастады. - Сонымен әкімшілік не дейді? Прокурорға бәрібір бұл сұраққа жауап беруге тура келді. Егер оған қанағаттанған адам болса. - Әкімшілік қолдан келгеннің бәрін жасаймыз деді. Жұрт енді тергеушілердің маңына жиналды. - Әкімшілік қашып кетпесін жігіттер. Соның жолын жабу керек, - деді бір жігіт. - Администрация уже нету. Они все разбежались, уволились. – Қызыл жемпірлі әйелдің мұны неге сүйеніп айтып тұрғаны белгісіз. – Они свою шкуру сохраняют. - Онда мынаның бәрін жазып не керек? Егер ештеңе бермейтін болса. Осы кезде полиция адамдарды он-оннан кіргізе бастады. Солармен бірге кірсем, іште базар әкімшілігінің адамдары арендаторлардың тізімін алып жатыр екен. Не үшін екенін сұрайын десем, оны білмесең неге кірдің деп шығарып жіберуі мүмкін. Бір әйел «Нұрбол, бутикте сейфім бар еді, ол өртенген жоқ қой, қалай алсам болады?» деді. Нұрбол базар бастықтарының бірі екен, өрттің әлі сөніп болмағанын айтты. Барлығы қанша адам зардап шеккенін білгім келген. Нұрбол оны білмейді екен, бірақ «1600 бутик өртенді» деді. Сыртқа шығып, өртенген 1-Адемге қарай жүрдім. Бір жігіт жүгіріп келді. - Компенсация төлей ме екен? - Ага, щас! IMG_20150427_131105

Қожайын кім?

Өртенген Адемнің жанында адам аз. Бірді-екілі журналист осы жақта екен. Бір әйел сөйлесіп тұр. «Жаңағы 9 кредитім бар деген сөзімді алып тастай салыңызшы. Шыдамай кеттім. Күйеуім органда істейді. Өзім де бұрын журналист болғам...» Негізгі сұрағыма әлі жауап алып болмағандықтан Саша атты 35-тер шамасындағы жігітті сөзге тарттым. - Бұрынғы қожайындар тәуір адамдар еді. Жаңалар келгелі проблема басталды. - Бұрынғылар кім еді? - Оны әртүрлі айтатын. Ал жаңа қожайын АТФ-банк. - АТФ-банк? Дәлеліңіз бар ма? - Дәлел жоқ. Бірақ мұндағы елдің бәрі солай дейді. Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды ғой. Мынандай сыбыс бар. 1-Адемнің ғимаратын бұрынғы қожайындар АТФ-банкке кепілге қойып, 175 млн доллар алыпты. Бірақ оны төлей алмаған ба, әлде төлемей қойған ба, әйтеуір былтыр жазда қожайындар ауысып, базарға АТФ-банк тағайындаған әкімшілік келді. Олар келе салып қысты. Бірден аренданы көтерді. Біз бұл жердің цоколь-қабатынан қойма жалдап отырғанбыз. Цоколь болғасын, ақысы да төмен болады – шаршы метріне 1000 теңгеден төлейтінбіз. Мыналар келе салып екі мың жасады. Кіреберіске шлагбауым орнатып, автотұраққа сағатына ақша төлейтін етіп қойды. Жаңадан бутиктер салды. Тауар алып шықсаң да, алып кірсең де әкімшіліктің рұқсаты керек. Оған дейін біраз жер, кемінде 20 минут уақытың кетеді. Сөздің қысқасы жұмыс істетпеді. Кетуді ойлап жүргенбіз, үлгере алмадық. - Кетіп қалғандар болды ма? - Көбі кетіп қалды. Біз мысалы, екінші қабаттан жеті мың доллар жұмсап бутик салдық. Екінші қабатта сауда мүлдем жоқ, біртіндеп болады деп үміттендік. Жарты жыл бекерге айына 40 мың теңгеден арендасын төледім, болмағасын тастауға тура келді. - Директор кім? - Мұнда үш бастық бар. Бас директор Нұрбол. Одан кейін Ербол, сосын Данияр. Бас директорды көрмедік әлі, ана екеуі жүрген осында. - Өрттің себебі туралы өз версияларыңыз бар шығар? - Версия көп қой. Соның ішінде біреуі мынандай. Бұлар біраз жұмыс жасаған соң базардың ғимаратын қамсыздандырды, сосын әдейі өртеп жіберді. Ондай амал бар ғой. Қазір бәрін қамсыздандыруға болады. - Қалай ойлайсыз, шығыныңызға өтемақы төлей ме? Саша күлді. - Өзіңіз қалай ойлайсыз?.. Ержан Әбдіраман

Похожие материалы