Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Аты да, заты да қазақы 7 бренд

Аты да, заты да қазақы 7 бренд

Орта және шағын бизнесті дамытуға арналған бағдарлама қабылданғалы кәсіпкерлікке көңіл бөлгендер саны бірашама артты. Соның ішінде ұлттық брендтің қалыптасуына жол ашылды. Әз Наурыздың қарсаңында 7kun.kz қазақы брендтерді шолып өтуді жөн көріп отыр.

  1. Әдемі-Ай

Бұл компанияның нарықта жүргеніне 16 жыл болды. 2000 жылы құрылған "Әдемі-Ай" ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдарын, сувенирлер жасайды. Бүгінде еліміздің барлық қалаларында бөлімшелері бар. Тауарларының бағасы қолжетімді деп айтуға келмейді. Бірақ "Empire" сынды ұлттық бұйымдар дүкенімен салыстырғанда арзанырақ. Мәселен кәдесыйлардың бағасы кемі 20 мың теңгеден жоғары, ал жібек орамалдар 11 мың теңге шамасында. Есесіне бұйымдардың дизайны мен сапасы көзге көрініп тұрады.

IMG_9903(1)

Компанияның нарықта өз орнын алып, бизнестің майын ішкеніне тағы бір дәлел - сайтының жұмысында. Себебі онлайн-дүкен, каталог, байланыс дұрыс жолға қойылған. Бүгінгі таңда ең керегі де - кері байланыс. Компания серіктестерінің ішінде "Нұр Отан" партиясы, "Air Astana" компаниясы, "Қазақстан темір жолы" АҚ, "Expo 2017" сынды алдыңғы қатарлы ұйымдар бар.

2011 жылы «Әдемі-Ай» компаниясының бас ғимараты Алматы қаласының орталығынан бой көтерді. «Әдемі-Ай» өнер үйі деп аталатын ғимараттың екінші қабатында «Әдемі-Ай» өнер мұражайы мекемесі орналасқан.  Онда компанияның Президенті, ҚР Мәдениет қайраткері, өнертанушы, коллекционер Бахаргүл Төлегеннің 1000 нан астам жәдігерлер топтамасы қойылған.

[caption id="attachment_39636" align="alignnone" width="980"] Компания президенті Бахаргүл Төлеген (ортада)[/caption]

2. Құртафелло

Бұл бренд елімізде былтыр ғана, 2015 жылы дүниеге келді. Атауы баршаға таныс "Rafaello" секілді болғанымен, тәттіге қатысы жоқ. Атауындағы "құрт" жұрнағы айтып тұрғандай, ауылдың құрты. Мұндай тапқырлықты Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғыны, жас кәсіпкер Айнаш Убайдуллаева ойлап тапқан.

fbf8211cc6a7f8ca1b52da9fe02ede50

Атауына байланысты авторлық құқық бойынша да Астана қаласының мамандарымен кеңесе отырып, бекіткен. Негізінен Айнаш қымыз бизнесінен бастаған. 2009 жылы анасы сырқаттанып, саумал ішкеннен құлан таза айыққан. Содан бері ұлттық сусынды дәріптеу мақсатында қымызхана ашқан. Десе де бәсеке көп жерде көтерілу қиынға соғады. Осы ретте сатып алушыларды қызықтыратын, тың идея керек деп шешеді. Осылайша әдемі қорапта сатылатын ауылдың құртын сатуға бел буады. Құрт бағасы 60 теңгеден 150 теңгеге дейінгі аралықта. Бірақ қаптамасы қымбатқа шығып кеткендіктен бір қорабы 250 теңгегден сатылады. Әзірге қорапты қолдан жасайды. Бірақ бизнес ілгері жақсы дамып кетсе, арнайы қаптама жасайтын аппарат алу ойында бар.

3. "Қуырдақтың көкесі"

Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек бір сөзінде: "Алматыда бірде-бір ұлттық тағамдар мейрамханасы жоқ. Əртүрлі деңгейге лайықтап, неге ашпасқа?» деген еді. Сол сөзінен кейін аталған дәмхананы ашу ойға келеді. Иесі - жас кәсіпкер, Алматы технологиялық университетінің студенті Еркебұлан Мәкенов. Бұрын осы салада даяшылық, менеджерлік қызметтерді атқарған. Бүгінде мейрамхананың Алматы қаласында екі желісі бар. Алдағы уақытта санын көбейту жоспарда бар дейді Еркебұлан.

Бұл дәмхананың өзгелерден ерекшелігі - қазақылыққа толы. Қазір атауын ғана еститін немесе мүлдем ұмытылып кеткен тағамдарды қонақтарға ұсынады. Бір қуырдақтың мұнда 12 түрі бар. Қазақтың ұлттық тағамдарын әзірлеу екінің бірінің қолынан келмейтіні анық. Осы ретте бас аспазды таңдау да оңайға соқпаған. Қазақы ортада өскен, "қуырдақтың көкесін танытып" әзірлейтін аспазды ауылдан тапқан. Енді ол өзгелерге де үлгі көрсетіп, тағамдардың жасалу ретін үйретеді. Әр апта сайын арнайы қонақ келіп, әңгіме-дүкен құру да дәстүрге айналып келеді. Еліміздің беделді тұлғалары шәй үстінде біраз тақырыпты талқыға салып жүр.

223

Тағамдарының бағасы орташадан жоғары. Ет бағасының бүгінде қымбат екендігін ескерсек, "аспандағы бағаны" қойды деп айтуға келмес. Қуырдақтың түрлері 1200 теңгеден жоғары. Дәмханадағы ең қымбаты - қазы-қарта, жал-жая. Олардың бағасы - 2200 теңге шамасында.

4. "Madeni"

Латын тілінде осылай жазылғанымен, қазақы атауы "Мәдени". Статусы жағынан асхана, бірақ қаладағы асханалармен салыстырғанда мейрамхана дерсіз. Бағалары өте арзан бұл дәмхананы кәсіпкер Қуаныш Шоңбай ашқан. Оның осыған дейін де бұл салада тәжірибесі бар. "Руми" палау орталығының иесі де - осы кісі.

img_20423

Асхананың бой көтергеніне бір айдай уақыт болды. Ас мәзірінде тағам көп емес. Десе де ішінде жайлылық бар. Оған асхананың дизайны әсер етеді. Себебі қазақы орнаменттер, Абай мен Ахметтің портреттері көзге бірден көрінеді. Адам басына орта есеппен 1000-1500 теңге кетеді. Мейрамхана бизнесін жақсы меңгергендіктері тапсырысты қабылдауынан-ақ байқалады. Себебі тапсырыс алу толықтай электронды түрде жүргізіледі. Және ең бастысы арнайы бағдарламаның көмегімен түбіртегіңізді сканерлеу арқылы төлеген сомаңыздың 2 пайызын өзіңізге қайтара аласыз. Даяшыларының барлығы дерлік қазақ жастары.

6_201603010532614568322467998

5. "Mukajan"

Бұл бренд туралы біз бұрын жазған едік. Естеріңізде болса, компания директорының орынбасары Заңғарбек Зәрубаевпен сұхбат жүргізген болатынбыз. Негізінен ұлттық бұйымдар жасаумен айналысатын жас компания. Бір ерекшелігі осы бизнесті бастау үшін несие алынбаған.

12112730_725603880903292_350134601_o

Тауарларының ішінде басты акцент тері бұйымдарына қойылады. Соның ішінде әмиян, жол дорба, сөмке, ұялы телефонға арналған чехолдар жасайды. Әзірге бір ғана жерде бар. Бұйымдардың барлығы қолдан жасалады. Сол себепті біраз қымбатқа түседі. Сөмкелер 20 мыңнан жоғары, ал ұялы телефон қаптары 2000 теңгеден басталады. Дизайны да компания басшысы Алмас Мұқажанның идеяларынан туындайды. Шағын ғана шеберханадан шығатын өнімдерге көпшіліктің көңілі толады.

lrYIgnFtrGE

6. "Бал бала"

Ойыншық баланы тыныштандырып қана қоймай, дамытуы да тиіс. Осы ретте белгілі продюсер, бизнесмен Қыдырәлі Болманов жақсы шешім ұсынды. 2010 жылы "Бал бала" атты интерактив ойыншықтар жасайтын компания құрған. Бір ерекшелігі барлық ойыншықтар прототипі өзіміздің ертегі кейіпкерлері. Мәселен, Алдар Көсе, Тазша бала, Ер Төстік ойыншықтары жасалады. Сондай-ақ, Қарақат Әбілдинаның да қуыршақ түрі бар.

фото3

Ойыншықтар қазақ тілінде сөйлейді, ән айтады. Алматыда өткен Азиада кезінде арнайы шығарылым ұсынған. Қазақтың әнұранын шырқайтын барыс ойыншық сол кездегі ең өтімді тауар болған деседі. Бағалары нарықтық бағаларға сай. Мәселен Алдар Көсе 7 мыңға жуық, барыстың бағасы 3 мың теңгеден. 2010 жылы шыққан кезінде алғашқы партиясының өзі 100 мың ойыншықты құраған. Фабрикасы Гонконгте, Гуанчжоуда зауыттары бар. Бұл бизнесті бастауға 1,3 млн доллар кеткен. "Инвестор тартып, ақша салдым", - дейді Қыдырәлі Болманов.

Ойыншықтан бөлек, күй ноталары, мақал-мәтелдер, батырлар жыры жазылған кітап бар. Оның арнайы интерактив қаламы болады. Кітаптың бетіне жүргізгенде сол бата не жыр айтылады. Бұл дегеніңіз әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, басылған батыл қадамдардың бірі.

75cb5dc2dc588e9873291b9b45f

7. "Gakku TV"

Тек қана қазақ орындаушыларын, қазақстандық әншілердің бейнебаяндарын көрсететін жалғыз телеарна. 2014 жылы ашылып, тарай бастады. Тіпті Моңғолияда да бұл каналды қарайды екен. Ол жерде түгелдей қазақтар тұратын бір аудан бар. Сол жердің тұрғындары белгісіз бір әдіспен каналды қосып алған көрінеді. Каналда күніне 500-ден астам бейнебаян көрсетіледі. Және бір ерекшелігі - ротация үшін ақы алынбайды. Егер клипті жиі көрсеткенін қалаған жағдайда ғана, ақысы үшін келісуге болады дейді арнаның негізін салушы Санжар Мұстафин.

f74b2804f3ef0eb0cd8136b4755

Жобаның негізгі мақсаты - қазақстандық орындаушылардың қолдау ғана емес. Сондай-ақ, шетелдегі қазақтар үшін де демде хабар тарататын мүмкіндік ашу. Арнада арнайы шығармашылық кеңес ұйымдастырылған. 5 адамнан тұратын топ күнделікті талдау жүргізіп, эфирге жіберілетін клиптерді сараптап отырады.

"Гәкку ТВ" - әртістерден ақша алмайтын әзірге жалғыз бизнес-модель. Бұларға ақша қалай келеді? Оларда продакшндар, ивент-агенттіктер бар. Солардың есебінен телеарна жұмысы жүріп отыр. Бұл стартап бизнестің барлық заңдылықтарына сәйкес құрылған. Бүгінде көпшіліктің сүйіп көретін арналарының біріне айналып үлгерген.

Похожие материалы