Атырау. 11 шілде. 7kun.kz - Атырау облысының Индер ауданында құны 300 млн долларлық өнеркәсіп кешені іске қосылады. Бұл туралы Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Кәсіпорын инвестиция есебінен жүргізіледі. Құрылысы 2017 жылы басталады деп жоспарланып отыр.
Бұл бастаманы ISSMAT компаниялар тобының директоры Мессади Саид қолға алды. Ол әлемдегі бірегей жобаны жүзеге асыру үшін өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалын терең зерделегенін айтады. Жалпы, жоба құны 300 миллион АҚШ доллары. Оның ішінде баламалы жасыл энергия мен ауыл шаруашылығы бағытындағы тың кешендер бар. Мысалы, қуаты 80 МВт-тық күн электр станциясы, 4 МВт-қа тең биогаз өндеу блогы және көлемі 120 гектарға жететін жылыжай құрылысы бар. Сонымен қатар, әлемде «жасыл алтын» саналатын лаванда өсіру және өңдеу кешені де жүзеге асады. Ол 4 жыл ішінде Қазақстанның басты экспорт көзінің бірі болады. Кешенді жобаның қатарында жылына 2 мың тонна лосось балығын өсіретін ферма, Голштин тұқымды 2 мың бас сиырға арналған сүт-тауарлы ферма бар.
Ең басты жаңашылдық – бизон өсіру кешені. Бұл ауыл шаруашылығы бағытындағы Қазақстанның Орталық Азиядағы әлеуетін арттырады. Осы орайда, жоба авторы Мессади Саид, мұндағы өнімдер химикатсыз, таза табиғи болады деп сендіреді.
«Ішкі нарыққа арзан бағамен сатылады. Артылып жатса, Ресей мен Беларусь мемлекетіне экспорттаймыз. Жалпы, жобаның аясында емдеу-сауықтыру санаториясы іске қосылады. Бұл экотуризмнің дамуына септігін тигізеді», - деді Мессади Саид.
Инвестордың айтуынша, жаңа жобаны жүзеге асыру кезінде 20 мыңнан астам жұмыс орны құрылады. Оған жергілікті мамандар тартылады.