Алматы. 21 шілде. 7kun.kz - Қазақстанда автомектептер табысы 1,6 пайызға төмендеді. Бұл туралы almaty.tv хабарлады.
Оған себеп 2016 жылдан бастап күшіне енген «Жол жүрісі» туралы заңдағы өзгерістер. Заңға сәйкес әрбір азамат өз бетінше көлік жүргізуді үйреніп, жүргізуші куәлігін алуға рұқсат етілген.
2017 жылдың бірінші тоқсанында автомектептер табысы 645 млн 100 мың теңгені құраған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 1,6 пайызға кем. Автомектептер табысы бойынша алдыңғы қатарда Шығыс Қазақстан облысы тұр (97 млн 400 мың теңге). Қарағанды облысында бұл көрсеткіш 82 млн 500 мың теңге. Ал, Алматы облысында автомектептер 40 млн 250 мың теңге көлемінде табыс тапқан.
Жалпы, сарапшылардың пайымы бойынша автомектептерге сұраныс 2013 жылдан бастап төмендей бастаған. 2014 жылы 3,3 пайызға, 2014 жылы 6,9 пайызға, ал 2016 жылы 10,5 пайызға құлдыраған.
Айта кетейік, өз бетінше темір тұлпарды тізгіндеп үйренген азамат, көлік жүргізуші куәлігін алу үшін 40 минутта 40 сұраққа жауап беруі тиіс. Сондай-ақ 8 қате жіберуге ғана мүмкіндігі бар. Еліміздің Ішкі істер министрлігінің ақпараты бойынша 2016 жылы 2 мың 800 өз бетінше дайындалған үміткерлердің тек 20 пайызы ғана тестілеуден сүрінбей өтіп жүргізуші куәлігін алған. Ал автомектепте білім алғандардың 50 пайызы аталған тестілеуді жақсы нәтижемен тапсырып шығады екен.