Шалқыған өміріңе шалқайып, бүгін кеудеңді көк таспен соққылап мақтансаң да ертеңінде сақалыңды сипап қалуың мүмкін екен. Оған менің көзім әбден жетті. Кезінде бірнеше несиемді қыңқ демей төлеп жүрдім. Шағын бизнесімді несие алып бастаған болатынмын. Ал қазір қалған екі банктегі несиелерімді төлемек түгілі, дәрі-дәрмек, күнкөрістің өзіне әзер ақша тауып жүрмін. Себебі аяқ-асты мүгедек болып қалдым.
Басында денсаулығым сыр беріп жүрді. Кейін екі аяғымды дұрыс бас алмай қалдым. Сөйтіп байтал түгілі бас қайғы боп кетті. Денсаулығыммен алыстым да қалдым. Соңында не керек, ақыры екінші топтағы мүгедек болдым. Менің 2 несием бар, екеуі екі түрлі банкте. Мәселе мынада – мен оларды 2 топтағы мүгедек болмай тұрып алғам. Жұмыс істеп, уақтылы жауапкершілікпен төледім. Жақында маған екінші топты белгілеп, жұмыстан айрылдым. Зейнетақы мен Жұмыспен қамту орталығынан шағын төлемдер ғана бар. Тіпті дәрі-дәрмекке ақша жетпейді. Сақтандыру тек бір несиемде ғана бар, ол да менің жағдайымды қамтымайды, өйткені банк тек оқыс, жазатайым оқиға нәтижесінде сақтандыру төлемін жасайды, яки келісімге қол кою сәтінде мен мүгедек болмауым керек болған.
Не істеу керегін білмедім. Сот болса түбі, менен алатын түк жоқ, зейнетке шыққан ата-анамның өздерінің төлейтін несиелері бар. Біз бір бөлмеде үшеуміз тұрамыз. Бұл бөлмеден басқа мүлкіміз жоқ. Мен борыш 1 млн теңгеден аз болса, банкроттық рәсімдеуге болмайды деп естідім. Сосын сот менің жағыма шығып, тек тиын-тебен ғана төлеуді міндеттейді деп естідім. Банктер мен соттан не қауіп бар екенін, несие төлемей қойсам не болатынын, мұндай жағдайда сот не шешім шығаратынын білмек боп, заңгерге жүгінген болатынмын. Сондағы заңгердің айтқаны мынау болды: «Сіз банк қызметкерлерінің іс-әрекетіне деген шағыммен сотқа жүгіне аласыз. Олардың сақтандыру жағдайы туған кезде бәрібір сақтандырудың жұмыс істемейтінін алдын-ала біле отырып, шарт жасасқаны үшін, сізге ұсыныс білдіргені үшін. Егер сіз төлем жасамасаңыз, онда банк оны сот арқылы өндіріп алуы мүмкін. Онда жағдайыңыздың қиын екенін, бұдан әрі төлей алмайтыныңызды дәлелдеу қажет».
Құдай адамға көтере алатын қиындықты ғана береді дейді ғой. Қиындық деп айтуға да қорқамын. Жарайды, ер адамның басына не келіп, кетпейді?! Көрерміз. Жақсы жаңалық я нәтиже болып жатса, тағы жазамын.