Астана. 4 ақпан. 7kun.kz — ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбекке экспорт пен импорт жөніндегі ұлттық компанияны құру туралы тапсырма берді. Бұл туралы премьер Үкіметтің селекторлық отырысында мәлімдеді.
«Индустрияландыру бойынша мемлекет басшысы экспортталатын тауарлардың үлесін көбейтуді тапсырды. Жеңіс Махмудұлы әкімдіктермен бірігіп, Президент айтқан 72 нысанды тексеріп, қажетті іс-шаралар кешенін дайындаңыздар. Бұдан бөлек, мемлекеттік органдармен, әкімдіктермен, «Атамекен» ҰКП-мен бірге тиімді жұмыс істей алатын жаңа жобаларды іріктеуді тапсырамын. Мемлекеттік қолдауға экспорт нарығына шыға алатын және бәсекелестік деңгейін көтере алатын нақты жоспары бар жобалар ғана ие болу керек», - деді үкімет басшысы.
Бақытжан Сағынтаев екі апта ішінде экспорт және импорт жөніндегі ұлттық компанияны құру шешімін дайындау туралы тапсырма берді. Сондай-ақ, Инвестициялар және даму министрлігі мен Сыртқы істер министрлігіне бірігіп екі апта ішінде қазақстандық өнімдерді экспорттау көлемін арттыру бойынша жоспар дайындау тапсырылды.
«Негізі, келесі аптаға дейін 72 кәсіпорынның картасын қарап, олардағы проблеманың қандай екенін, көмек қажет пе, соны білу керек.Мүмкін кейбірін жаңғыртудың орнына жабу керек шығар», — деді Бақытжан Сағынтаев.