2015 жылы Астанадағы саммит кезінде Владимир Путин осыған дейін айтылып келе жатқан "ортақ валюта енгізу" туралы мәселені қозғады. Наурыз айында Ресей Федерациясының Орталық Банкіне 1 қыркүйекке дейін ЕАЭО аясында бірыңғай ақша енгізудің дұрыстығын анықтау жөнінде тапсырма берді.
2014 жылғы құжат бойынша "ортақ валюта туралы мәселе 2025 жылға дейін қозғалмауы тиіс" еді. Кремль басшысының бұл мәлімдемесі бірнеше жыл бойы талқыланып келе жатқан идеяның өрбуіне жаңа импульс бергендей болды. БАҚ-та ортақ валюта мәселесі қарқынды түрде талқыланып, кемшіліктері мен артықшылықтары талқылана бастады.
1961 жылы Нобель сыйлығына ұсынылған экономист Роберт Манделлдің "оптимальды валюталы аймақ" теориясы бойына сәтті валюталы интеграцияға қол жеткізу үшін тауар, капитал және еңбек мобильділігінің жоғары деңгейі, орталық банк арқылы ақшалай-несиелі имппульстарға бірдей реакция қайтара алатын бизнес-циклдердің синхрондалуы тәрізді критерийлер болуы керек. Ортақ валютаның құрылуы экономикалық интеграцияның ең соңғы кезеңі болып табылады.
Бүгінгі статус-кво
Еуразиялық интеграцияның белгілі бір алға басушылықтарға қарамастан, ЕАЭО аясында тауар, капитал және жұмыс күшінің мобильділігі әзірге шектеулі. Соңғы кездері экономикалық және саяси шиеленістерге байланысты Одақ мүшелерінің экономикалық саясаттары да өзара қарама-қайшылыққа ұшырауда. Ресейге салынған санкциялар мен рубль құнсыздануынан кейінгі Қазақстан мен Белоруссияда болған жағдайлар осының дәлелі. Тауар айналымы саласында Ресей, Белоруссия және Қазақстан арасындағы пайыздық үлес 2014 жылы 15-16%-ға төмендеп кетті.
Іскерлік циклдардың синхрондалуы жөніндегі мәселеде айтарлықтай айырмашылықтар бар. Ресей 2014 жылы рубль бағамын құнсыздатып, еркін курсқа жіберді. Белоруссия валюталық бақылау шаралары арқылы девальациялық тенденцияарға қарсы тұрып жатыр.Әзірге Қазақстан 2014 жылдың ақпанындағы құнсызданудан кейін теңге курсының тұрақтылығын сақтап отыр.
Дегенмен де, отандық экономика девальвациядан қалыс қалып отырған жоқ. Елдің банк секторы сайлаудан кейін болатын девальвацияны күтіп отыр. Ұлттық экономикада жұмыс істейтін кәсіпкерлердің ұлттық валютада мұқтаждығы жоғары болғанымен, екінші деңгейдегі банктер ұлттық валютадағы несие беруге мүдделілік танытып отырған жоқ. Ұлттық банк коммерциялық банктерге қаржы беру арқылы, долларсыздандыру саясаты арқылы жағдайды өзгертуге тырысқанымен қаржы тапшылығы байқалуда.
Экономист Мағбат Спановтың айтуынша, мұндай уақытта ортақ валютаның тіпті пайдасы жоқ. "Бұл валюта тұрақты болмайды. Болашақта Ресейге салынған санкциялар кері шегеріліп, біздің экономикамыз бәсекеге қабілетті болса, интеграцияның позитивті нәтижесі байқалып жатса, позициямызды күшейту үшін ортақ валютаның қажеттілігі туралы айта аламыз. Ал біз экономикалық жағынан әлсіз және қорғансыз болып тұрған уақытта, бірыңғай ақша енгізу ұлттық егемендігіміздің бір бөлігінен айырылу болады", -дейді ол.
Экономика немесе саясат
Сарапшылар валюталық одақтың тағы бір кемшін тұсы ретінде экономикалық және саяси егенмендікті шектейтіндігін алға тартады. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасының орынбасары Рахым Ошақбаев ортақ валюта енгізудің мүлдем қажеттілігі жоқ деп есептейді. "Елбасы ЕАЭО саяси емес экономикалық одақ деп атап өтті. Біршама мамандар валюталы одақ туралы қазір дайын емеспіз, түрлі салаларда өз саясатымызды қалыптастырып алғаннан кейін айтуға болады дейді. Мен тіпті келіспеймін. Қазақстан ЕАЭО аясында мүлдем валюта енгізбеуі қажет", - деді ол.
Саясаткер Айдос Сарым Путиннің Астанада мұндай идея айтуына Ресейдегі дағдарыс жағдайы себеп деп есептейді. Макроэкономикалық зерттеулер орталығының директоры Олжаc Құдайбергенов та осы идеяны бөлісті. "Ортақ валютаны енгізу мәселесіндегі асығыстық экономикалық емес, саяси жоба екендігін білдіреді. Ұлттық теңгені болуы егемендіктің елу пайызын құрайды. Төл ақшадан бас тартудан бұрын бұған шынайы экономикалық қажеттілік керек және Қазақстан міндетті түрде эмиссиялық орталық болуы қажет", - деді ол.
Дегенмен де оның сөзінше, егер мәселе ұлттықтан жоғары валюта жөнінде болса, Қазақстан үшін айтарлықтай зияны жоқ. Бұл тек сыртқы сауда қарым-қатынастарын қамтиды.
Ресейлік мамандардың бұл мәселедегі пікірлері - ортақ валюта енгізу әзірге қажет емес дегенге келеді. "Біз үш мемлекет валютасының құнсызданғанын байқадық. Ұлттық валюта тұрақтылығының параметрлеріне қол жеткізбеген кезде, біз валюта - монетарлық одаққа өте алмаймыз. Бұл жерде сұрақ көп, қателесуге болмайды", - деді РФ-ның вице-премьері А.Шувалов "Россия 24"арнасына берген сұхбатында.
"Менің ойымша, бұл әзірге орындала қоймайтын шаруа. Әрине, жақсы. Бірақ бұған адамдар, экономика, ішкі жағдай қаншалықты дайын? Ортақ валютаны әлеуетті күшке айналдыру үшін орасан зор жұмыс істеу қажет", - деп есептейді саясаткер-журналист Максим Шевченко.
20 наурыздағы саммиттен кейін Белоруссия президенті Александр Лукашенко Блумберг агенттігіне берген сұхбатында ортақ валюта туралы дауға нүкте қойғандай болды. Оның пікірінше, бұл проблеманың айналасында тым көп шу тудырып жіберген.
«Біз үшеуміз Астанада ортақ валюта енгізу қажеттігін талқылағанда, Путин экономикалық жағынан терең серіктестік орнату үшін ортақ валюта туралы сұраққа міндетті түрде келетіндігімізді айтқан еді. Ол сарапшылар бұл туралы талқыласа қарсы емессіздер ме деп сұрады. Біз бұл туралы бұрыннан айтып жүрміз, сарапшылар да айта берсін. Бірақ белгілі бір уақытта ортақ валюта енгізу туралы сұрақ нақты талқыланған емес», - деді ол.
«Бұл — біздің одағымызда болуы мүмкін соңғы әрекет. Еуразиялық экономикалық одаққа байланысты әлі қаншама мәселелер бар. Алдымен ортақ валюта енгізетін жағдайға жетіп алуымыз қажет», — деп атап өтті Белоруссия президенті.