Алматы. 8 ақпан. 7kun.kz – Қазақстанның бизнес қоғамдастығының өкілдері 2018 жылы сәуірде Дубайда өтетін Annual Investment Meeting инвестициялық форумына қатысады. Бұл туралы «Kazakh Invest» Басқарма Төрағасы Сапарбек Тұяқбаев және ҚР-дағы БАӘ Елшісі Мохаммад Ахмад Альджабердің Астанадағы кездесуі барысында белгілі болды.
Форум кезінде Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерінің презентациясы жасалып, ҚР-на инвестиция салуға мүдделі әмірлік компаниялармен бірнеше екі жақты кездесулер өтеді.
Өз кезегінде, бүгін Астанада «Kazakh Invest» тарапынан алдын ала Біріккен Араб Әмірліктері бизнесмендерінің одан әрі зерделеуі үшін жалпы сомасы шамамен 20 млрд АҚШ долларын құрайтын 20 негізгі жобалар бойынша инвестициялық ұсыныстар берілді.
Сондай-ақ, тараптар кездесуде елдер арасындағы инвестициялық ынтымақтастықты жандандыру бойынша одан арғы нақты қадамдарды белгіледі. Логистика, туристік кластер, АӨК және басқа саладағы бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктері талқыланды.
«Біз АӨК жобаларына, атап айтқанда, органикалық өндіріске, сондай-ақ Қазақстанның логистикалық жобаларына инвестиция салуға дайынбыз», - деп ерекше атап өтті ҚР-дағы БАӘ елшісі Мохаммад Ахмад Альджабер.
«Al Khaleej Sugar» компаниясы Оңтүстік Қазақстан облысының Шардара ауданында ірі қант зауыты құрылысы бойынша инвестициялық жобаны іске асыруға қызығушылық білдіріп отыр. Алдын ала есеп бойынша зауыттың құрылысына 375 млн АҚШ долларын жұмсау жоспарланады.
Кездесу қорытындылары бойынша «Kazakh Invest» Басқарма Төрағасы Сапарбек Тұяқбаев және ҚР-дағы БАӘ Елшісі Мохаммад Ахмад Альджабер үкіметаралық деңгейде инвестициялар туралы келісім жасасу мүмкіндігін қарастыруға дайын екендігін айтты.
Қания Табыс
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!