Экономика
Қазақстан кәсіпкерлері: теңгенің құнсыздануы өндірушілердің мәселесін шешкен жоқ
"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев теңгенің құнсыздануы қазақстандық өндірушілердің проблемаларын түгел шешпеді деп мәлімдеді. Бұл туралы Қазинформ.
"Біз әуелде теңге бағамын өзгертумен ғана отандық өнім өндірушілердің барлық проблемасы шешілмейтінін айттық, теңге бағамын Ресей рублі бағамымен тең ұстап тұратын іс-шаралар жасалуы тиіс", - деді Әлтаев.
Оның пікірінше, теңге бағамының еркін айналымға жіберілуі қазақстандық өндірушілер үшін "бірлі-жарым нәтиже бергенімен", импорттық тауарды пайдаланатын кәсіпорындардың проблемаларын шеше алмаған.
Қазақстан ұлттық валютасы – теңгенің еркін айырбас бағамына 20 тамыз күні өтті. Билік сол кезде елдің қаржылық жүйесіне тұрақсыздық қаупі төнген жағдайда ұлттық банктің ішкі қаржы нарығына валюталық интервенция жасау тәсілімен қатысуы мүмкін екенін ескертіп, жаңа ақша-несие саясатының инфляциялық таргеттеуге негізделгенін мәлімдеген. Тамыз айынан бері теңге 63 пайызға құнсызданған.
Ал 2 қараша күні Қайрат Келімбетовтің орнына Ұлттық банк басшысы болып тағайындалған Данияр Ақышев "ұлттық қор мен ұлттық банктің валюталық активтерін сақтау үшін" банк елдің валюта нарығына қатысуын азайтатынын мәлімдеген болатын.
Фото: 365info.kz