Алматы. 9 наурыз. 7kun.kz — US News & World Report журналы Қазақстан әлемнің еі үздік елдерінің қатарына енді деп жазды. Республика ең үздік 80 елдің арасынан 71 орынды иеленген. Орталық Азияның басқа мемлекеттері бұл тізімге іліге алмаған.
Ал ең үздік бестіктің қатарында Швейцария, Канада, Ұлыбритания, Германия мен Жапония бар. Америка 7-орында тұр. Қазақстан Беларусті бір орынға артта қалдырған.
Рейтингте Қазақстан Орталық Азиядағы экономикасы мұнаймен байланысты ең үлкен мемлекет делінген. Сонымен қатар, еліміздің табиғи ресурстарға бай және уран өндірісінен әлемде алғашқы орында екені айтылады. Журнал Қазақстан БҰҰ мен ЕҚЫҰ секілді ірі халықаралық ұйымдарға мүше деп атап өткен.
Өткен жылы Қазақстан рейтингте 55-орында болған. Ол кезде тізім 60 елден тұратын және рейтингті Пенсильвания штатының унивеситеті мен кеңес беруші компания бірігіп жасаған. Ол 36 елдегі 20 мыңнан астам адамнан алынған әлеуметтік сауалнаманың негізінде жасалған. Жыл басында 2016 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан әлемнің өмір сүру құны ең арзан мемлекеттерінің арасынан 4-орынға ие болды.