Куала Лумпур. 4 мамыр. 7kun.kz - 2017 жыл 4 мамырда Куала Лумпур қаласында (Малайзия) Бірлескен қазақстандық-малазиялық сауда-экономикалық комитетінің 3-отырысы өтті.
Жиында сауда, көлік, туризм, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және инновациялар мәселелері талқыланды. Одан бөлек, инвестициялар, шағын және орта бизнесті дамыту, ауыл шаруашылығы, исламдық қаржыландыру саласы да қарастырылды.
ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Р.Е.Дәленов малайзиялықтардың шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы, сауда, туризмдегі тәжірибесі Қазақстанның қызығушылығын тудырғанын жеткізді. Сондай-ақ, Қазақстанның «халал-өндірушілер» жаһандық тізбегіне қосылу перспективасы туралы айтып, Малайзияның әлемдегі ірі халал-индустрия хабтарының бірі ретіндегі ауқымды тәжірибесін атап өтті.
Қазақстанда туристік қызметті мемлекеттік қолдаудың анағұрлым тиімді шаралары енгізілген. Ол Қазақстандағы басым салалардың бірі ретінде белгіленіп отыр. Сонымен бірге, бірнеше бағыттағы ынтымақтастық бойынша жұмыс тобы құрылды. Олар: халал-индустрия, исламдық қаржыландыру, туризм, жаңғырмалы энергия, мұнай және газ, инвестициялық ынтымақтастық.
2016 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 82,9 млн долларды құрады.
Айта кетейік, 11 жыл ішінде (2005-тен 2016 жж.) Малайзияның Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі 28,2 млн доллар болды.