Экономика
Қазақстан мен АҚШ мерзімі 10 жылға дейінгі визаларды беру мүмкіндігін қарастыруда
Қазақстан мен АҚШ мерзімі 10 жылға дейінгі көп реттік визаларды беру мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл туралы Астанада өткен екі елдің бизнес-форумында Қазақстандағы АҚШ елшісі Джордж Крол хабарлады.
"Біздің қалап отырғанымыз - қазіргі 5 жылға тең виза режимін жалғастырып қана қоймай, мүмкін болса оны 10 жылға дейін арттыру. Біз бұлай болғаны дұрыс деп ойлаймыз", - деп мәлімдеді Қазақстанағы АҚШ елшісі.
Оның айтуынша, қазіргі кезде бұл мәселе визаларды беруге жетекшілік ететін жауапты органдарда қарастырылып жатыр. Елші жақын арада, дәлірек айтқанда осы жылдың аяғына дейін бұл мәселе шешімін табады деп сенім білдірді.
"Біз әріптестерімізді итермелеуіміз керек, себебі бұл тек Қазақстан үшін ғана, АҚШ үшін де тиімді", - деді Д.Корл.
Айта кетелік, 2013 жылы Қазақстанның сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың Вашингтондағы ресми сапарының аясында өзаралық принципі негізінде 5 жылға дейін әрекет ету мерзімімен көп реттік визаларды беру туралы ҚР мен АҚШ арасындағы уағдаластықтың күшіне енуі туралы
ноталармен алмасу болған-тын.
Сонда Қазақстан мен АҚШ 2013 жылдың 1 тамызынан бастап 5 жылға дейінгі мерзімге көп реттік дипломатиялық, қызметтік, іскерлік, туристік, жеке және студентік визаларды беру туралы келісімге келген болатын.