Астана. 11 шілде. 7kun.kz - Соңғы 4 айда Қазақстан мен Малайзия арасындағы сауда былтырғымен салыстырғанда 30 пайызға артқан. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.
Екі ел арасындағы сыртқа сауда айналымы былтырғыдан 30,2 пайызға артып, 26 млн АҚШ долларын құрады.
Алдағы уақытта бұл көрсеткіш ұлғая түсуі мүмкін. Жақында ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Айбатыр Жұмағұлов Малайзия елімен Қазақстанның халал-индустриясы, исламдық қаржыландыру, туризм, энергия, мұнай-газ және инвестициялық серіктестік жасасу ниеті туралы айтып өткен еді.
«Біз осы байланыстарды жоғары бағалаймыз, сондықтан да жұмыс топтарының аясында халал-индустрия, исламдық қаржыландыру, туризм, жаңаратын энергия, мұнай мен газ және инвестициялық ынтымақтастық бойынша қатынастарды нығайтуға ниеттіміз. Атап айтқанда, ЭКСПО көрмесінде Малайзия павильонының ашылуы біздің елдер арасындағы өзара іс-қимылдың жоғары деңгейін дәлелдеп отыр. Бұл ретте тұрақты дамуды қамтамасыз етуде ұстанымдардың сәйкес келіп отырғандығын байқаудамыз», - деді вице-министр.