Cочи. 13 қазан. 7kun.kz — Қазақстан Президенті Ресейде БАҚ өкілдеріне өткізген брифингте Қазақстан мен Ресей Өзбекстанға мұнай құбырын тартатынын айтты деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Нұрсұлтан Назарбаев Владимир Путинмен болған кездесудің маңыздылығына тоқталды.
"Ресей мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас ең жоғары деңгейде. Байқоңырға қатысты бағдарламаны бірлесе іске асыру жөнінде уағдаластық. Сонымен қатар, Өзбекстанға мұнай құбырын салу жоспарланып отыр. Сол үшін тиісті жұмыс атқарылуы керек",– деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы келесі жылы Қазақстанда цифрландыру мәселелері жөнінде кездесу өткізу жоспарланғанын айтты.
"Алдағы кезеңде атқарылатын жұмыстардың жоспары белгіленді. Елдеріміздегі цифрландыру мәселесіне қатысты перспективалы бағыттарды айқындадық. Қазақстан, Ресей және Беларусь арасында осы салада бірлесе жұмыс жүргізу жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті германиялық бизнесмендермен өткен кездесудің нәтижелері туралы әңгімеледі. Онда Қазақстан-Германия қарым-қатынастарын экономиканың түрлі салалары бойынша ілгерілету жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.