Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Қазақстан мен Тәжікстан арасында сауда-экономикалық келіссөздер жүргізілді

Қазақстан мен Тәжікстан арасында сауда-экономикалық келіссөздер жүргізілді

Қазақстан Президенті келіссөздер барысында тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселесіне айрықша көңіл бөлінгенін айтты.

«Қазақстан бүгінде Тәжікстан үшін ірі экспорттаушы әріптес саналады. Тәжікстан да біз үшін сауда саласындағы маңызды әріптес болып есептеледі. 2017 жылдың қорытындысы бойынша, өзара сауда көлемі 800 млн долларға жетіп, 30 пайызға артты. Әлемдік экономиканың құбылмалы жағдайында бұл – өте жақсы көрсеткіш», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті екіжақты экономикалық қатынастарды одан әрі тереңдете түсу үшін әлеуеттің жеткілікті екеніне назар аударды. Мемлекеттер басшылары келіссөз барысында тауар номенклатурасын кеңейтудің және екіжақты тауар айналымын ұлғайтудың Жол картасын жасаудың маңыздылығын атап өтті.

«Қазақстанда жасалған жеңіл автомобильдер мен темір жол локомотивтерінің Тәжікстанға жеткізілуін табысты мысал ретінде айтуға болады. Қазақстан Тәжікстаннан жеміс-жидектер мен көкөністерді және солардан жасалған азық-түлікті импорттауға мүдделі», — деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Тәжікстан арасында өзара инвестиция алмасу жағдайын жақсарту және кәсіпорындардың қызметін ілгерілету мәселесіне тоқталды. Екі ел көшбасшылары Қазақстан мен Тәжікстан арасында Іскерлік кеңес құру мүмкіндігін талқылады.

«Бұл мәселе бойынша Астана мен Душанбе арасында әуе рейсін ашу мүмкіндігі қарастырылды. Ғарыш және цифрлық технология салаларындағы өзара іс-қимыл келешек ынтымақтастықтың перспективті бағыты болып саналады», — деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы екі ел арасында қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асыру ісі бойынша экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан – Тәжікстан Үкіметаралық комиссиясының ерекше рөлін атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев су-энергетика саласындағы мәселелер бойынша өткен келіссөздердің нәтижелеріне тоқталды.

«Біз Орталық Азиядағы трансшекаралық өзендердің су ресурстарын пайдалану жөніндегі ұстанымдарымыздың ұқсас екенін тағы да растадық. Өзара тиімді шешімдер табу қажеттігін айттық. Бұл мәселе бойынша Халықаралық Аралды құтқару қорының қызметіне ерекше мән беріледі», — деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы күн тәртібіндегі өңірлік және жаһандық мәселелерді талқылау барысы туралы айтты.

«Біз халықаралық ұйымдар аясындағы, әсіресе Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүшелігіне байланысты өзара іс-қимыл мәселелерін талқыладық. Ауғанстандағы ахуалға қатысты өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне арнайы көңіл бөлдік. Жалпы, Қазақстан мен Тәжікстанның халықаралық аренадағы көзқарастары мен ұстанымдарының ұқсас екеніне тағы да көз жеткіздік», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық ықпалдастықтың маңыздылығына тоқталып, осы үдерістегі тәжік диаспорасының ерекше рөлін атап өтті.

«Қазақстанда тәжіктердің ұлттық-мәдени орталықтары бар және олар Қазақстан халқы Ассамблеясының құрамына кіреді. Сондай-ақ, екі халық арасындағы қарым-қатынасты нығайту үшін Астанадағы орталық көшелердің біріне тәжіктің ұлы ақыны, философ Рудакидің есімін беру туралы шешім қабылдадым. Бұл оқиға Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы достықтың тағы бір жарқын символы болатынына сенімдімін», — деді Мемлекет басшысы.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республикасының Президентімен өткізілген келіссөздердің қорытындысына көңілі толатынын айтты.

Сонымен қатар, Эмомали Рахмон да бұл сапардың нәтижесіне оң баға беріп, Тәжікстан екіжақты қарым-қатынасты дамытуға мүдделі екенін тағы бір мәрте атап өтті.

Тәжікстан Республикасының Президенті Тәжікстанның халықаралық сауда-экономикалық байланыстар жүйесінде Қазақстан жетекші рөл атқаратынын айтты.

«Біз экономиканың түрлі секторындағы ынтымақтастығымызды кеңейту мәселелерін қарастырдық. Тараптардың әлеуетін ескере отырып, экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың ұзақмерзімді формаларын дамыту және айналымдағы тауарлардың түрлерін көбейту туралы әңгімелестік», — деді Э. Рахмон.

Сондай-ақ, Тәжікстан Республикасының Президенті халықаралық аренадағы, мәдени-гуманитарлық, су-энергетика, терроризммен және ұйымдасқан қылмыспен күрес жүргізу салаларындағы мемлекетаралық ынтымақтастық мәселелері жөніндегі келіссөздердің нәтижелеріне тоқталды.

Соңында Э. Рахмон Қазақстанға ресми сапары барысындағы нәтижелі кездесулер мен сындарлы диалог үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа тағы да алғыс айтты.

Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмонның ресми сапары аясында өткізілген келіссөздер қорытындысы бойынша мынадай екіжақты құжаттарға қол қойылды:

  • ҚР Президенті Н. Назарбаев пен ТР Президенті Э. Рахмонның Астанадағы кездесу бойынша бірлескен мәлімдемесі;
  • ҚР Үкіметі мен ТР Үкіметі арасындағы адамдардың реадмиссиясы туралы келісім және Реадмиссия туралы келісімді іске асыру тәртібі туралы атқару хаттамасы;
  • ҚР Үкіметі мен ТР Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы аумағында Тәжікстан Республикасы азаматтарының және Тәжікстан Республикасы аумағында Қазақстан Республикасы азаматтарының болу тәртібі туралы келісім;
  • ҚР Үкіметі мен ТР Үкіметі арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;
  • ҚР Сыртқы істер министрлігі және ТР Сыртқы істер министрлігі арасындағы 2018-2019 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасы;
  • ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен ТР Денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі арасындағы әлеуметтік саладағы ынтымақтастық ниеті туралы меморандум.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Похожие материалы