Алматы. 2 маусым. 7kun.kz - ҚР ҰЭМ және ҚХР-дың Мемлекеттік өнеркәсіп пен сауда әкімшілігінің (SAIC) делегациясымен өткізілген кездесу барысында Бәсекелестік саласындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Қазақстан мен Қытай арасындағы бәсекелестік саясат, сондай-ақ монополияға қарсы заңнаманы құқықтық қолдану саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытуды көздеген бұл меморандум мынадай бағыттар бойынша жұмыс істейді:
- монополияға қарсы заңнама және құқық қолдану саласында ақпарат алмасу;
- Қытай мен Қазақстанда ұйымдастырылған халықаралық конференцияларға, семинарларға және басқа да іс-шараларға қатысу, оның ішінде бәсекелестік және басқа да істерді қараумен айналысатын лауазымды тұлғалар үшін кәсіби тренингтер өткізу.
Аталған кездесу аясында қытайлық тарап ҚХР-да жүргізілген кәсіпкерлік жүйесі реформасын таныстырды. Қытайлық тараптың делегациясын Мемлекеттік өнеркәсіп пен сауда әкімшілігінің вице-министрі Ванг Джианпиг (Wang Jiangping) мырза басқарып келді.