Алматы. 24 наурыз. 7kun.kz – Қазақстан мен Қытай транзиттік темір жол салады. Мұндай шешім ШҚО әкімі Даниал Ахметовтың ҚХР Синьцзян-Ұйғыр автономды ауданына (СҰАА) барғанда қабылданды. Бұл туралы ШҚО әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Даниал Ахметов пен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының вице-президенті Санжар Елубаев жұмыс бабымен ҚХР Шәуешек қаласына барып қайтты. Ол жерде СҰАА партия комитетінің тұрақты мүшесі әрі СҰАА Тарбағатай округінің партия комитетінің бас хатшысы Еркінжан Турахунмен кездесті. Кездесу барысында «Қарамай – Тачен – Аягөз» транзиттік темір жолының құрылысы туралы мәселелер талқыланды.
Келіссөз нәтижесінде екі жақ жоба бойынша, ұзындығы 270 км болатын «Бақты - Аягөз» темір жолы учаскесінде алдын-ала зерттеу жұмыстарын жүргізу туралы меморандумға қол қойды.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, жаңа халықаралық магистраль Қытай, Қазақстан, Ресей және Еуропа арасында жол ашады.
«Жобаны жүзеге асыру жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Бұл Қытай, Қазақстан, Ресей және Еуропа елдері арасында жүк тасымалы мен жолаушы тасымалының кезінде уақытты үнемдейді», - деп атап өтті Даниал Ахметов.
Қытайдың болжамы бойынша, жоспарды жүзеге асырғанан кейін 2020 жылға дейін жүк тасымалының көлемі 1,85 млн тоннаны құрайды. Ал 2030 жылға таман 3 млн тоннаға дейін жетеді.