Алматы. 30 шілде. 7kun.kz – «Қазақстан темір жолы» ҰК» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Қанат Алпысбаев 2018 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жұмыс қорытындысына арналған отырыс өткізді, деп хабарлайды компанияның баспасөз қызметі.
«Өткен кезеңде жоспарланған өндірістік қаржылық көрсеткіштердің барлығы орындалып, олардың өсімі қамтамасыз етілді, - деді Қ. Алпысбаев сөзінде.
Оның айтуынша, жүк айналымы 2017 жылмен салыстырғанда 9% артып, 106,5 млрд км-ді құрады. Жүктердің ішінде тау-кен, астық, химикаттар, тыңайтқыштар және құрылыс жүктерін тасымалдау көлемі артқан.
2018 жылдың соңына дейін жүк айналымын 219 млрд км-ге деңгейіне жеткізу жоспарлануда.
Транзит өткен жылғы деңгеймен салыстырғанда 23, яки 6,8 млн тоннадан 8,3 млн тоннаға көбейген. Яғни, жоспар 7%-ға артық орындалып отыр. Транзиттік контейнерлік тасымал көлемі 206,6 мың эквивалентті құрады, бұл 2017 жылмен салыстырғанда 39,5% жоғары. Қытай/Азия-Еуропа - Қытай/Азия бағытындағы тасымал 2017 жылғы деңгейден 1,4 есеге артып, 109 мың эквивалентке жетті. Транзиттік дамытуға басымдық берген компания басшысы «Мемлекет басшысының транзиттік жүк айналымы көлемін 2020 жылға дейін 2 млн контейнерге және транзиттен түсетін пайданы 5 млрд доллар көлеміне жеткізу бойынша тапсырма бергенін еске салды. Қазіргі таңда компанияның 26% кірісі транзиттік тасымал есебінен құралып, ол жалпы жүк айналымы көлемінің 14% жетіп отыр.
Отырыс барысында компанияның қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жүк және жолаушылар тасымалы, темір жол инфрақұрылымының жағдайы, көлік-логистика, өндірістік - қаржылық қызметтердің дамуы туралы басшылар есебі тыңдалды. Сондай-ақ жүк тасымалын ұйымдастыру, күтіп ұстау және осы саладағы озық тәжірибелер сөз болды.