Экономика
Қазақстан Қытаймен 30 миллиард доллар сомасына ортақ жобаларды іске асырады
30 млрд доллар сомасын қамтитын, Қазақстан мен Қытай бірігіп іске асыратын 48 жобаның тізімі жасақталды. Бұл туралы сейсенбі күні Алматыда өткен Қор нарықтарының Қытай-Орталық Азия форумында инвестициялар және даму министрінің кеңесшісі Замир Сағынов хабарлады.
"Министрлік Қытай Халық Республикасымен инвестицияларды жұмылдыруға қатысты жұмыстар жүргізуде. Тау-кен металлургиясы, химия өнеркәсібі, машина жасау және құрылыс материалдарының өндірісі секілді салаларда 30 млрд доллар сомасына зерттелу дәрежесі жоғары 48 жобаның тізімі жасақталды", - деп мәлімдеді З.Сағынов.
Министр кеңесшісінің айтуынша, жобалардың жылдам іске асырылуы тартымды мөлшерлемеге ие қаржылай ресурстарды талап етеді.
"Осыған байланысты арнайы шот немесе тікелей инветициялар қоры түрінде осы жобаларды қаржыландыруға арналған ортақ инвестициялық қорды құру Қытай банктерінің қаражатына деген қол жетімділікті айтарлықтай жеңілдетуі мүмкін. Қазақстан тарапынан жобаға қосымша қаржыландыруды "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі көрсете алады", - деп нақтылады З.Сағынов.
Ол көптеген Қытай инвесторлары бұрынғыша Қазақстанның түрлі секторларындағы инвестиция көлемін арттырып жатқанын айта кетті.
"2005 жыл мен 2014 жылдың IV тоқсаны аралығындағы кезеңде Қытайдан Қазақстан экономикасына бағытталған тікелей инестициялардың ағыны 13 млрд долларды қамтыды. Осы кезең ішінде Қазақстаннан Қытайға бағытталған тікелей инвестициялардың ағыны - 345 млн доллар», — деп түсіндірді З.Сағынов.
З.Сағыновтың берген ақпаратына сүйенсек, Қазақстанда 600 астам қазақстандық-қытайлық кәсіпорын белсенді жұмыс істеп жатыр.