Алматы. 13 қыркүйек. 7kun.kz - Бүгін номиналы 500 теңгелік «Алтын дән даласы» және «Грейг қызғалдағы» ескерткіш күміс монеталарын айналымға шығады. Бұл туралы ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Алтын дән даласы» монетасының бет жағында (аверсінде) мемлекеттік тілдегі «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ» деген жазбаның қоршауында Қазақстан Республикасының Елтаңбасы, монета дайындалған металды, оның сынамасы мен салмағын білдіретін «Ag 925 31,1 g» жазуы бар. Монетаның сырт жағында (реверсінде) қолына таба нан ұстаған, ұлттық киімдегі бойжеткен бейнеленген. Сол жақ бөлігінде «АЛТЫН ДӘН ДАЛАСЫ» жазуы бар. Күннің бейнесі және соғылған жылын білдіретін «2017» таңбасы орналасқан.
925 сынамалы күмістен жасалған, салмағы - 31,1 грамм, диаметрі - 38,61 мм, дайындау сапасы - «proof», таралымы - 3 мың дана.
«Грейг қызғалдағы» монетасының пішіні сопақ. Аверсінде жер ғаламшарын мекен ететін адамдарға оған ұқыпты қарау қажеттігін білдіретін алақанның стильдендірілген бейнесі, монетаның номиналын білдіретін «500 ТЕҢГЕ» жазуы, монета дайындалған металды, оның сынамасы мен салмағын көрсететін «Ag 925 24 g» жазуы бар. Жоғары бөлігінде Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің логотипі орналасқан.
925 сынамалы күмістен жасалған, салмағы - 24 грамм, сопақша 38,61 х 28,81 мм, дайындау сапасы - «proof», таралымы - 3 мың дана.
Номиналы 500 теңгелік монеталар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында көрсетілген құнымен төлемнің барлық түрлері бойынша, сондай-ақ шоттарға, салымдарға, аккредитивтерге есептеу үшін және аударым жасау үшін қабылдануға міндетті, Қазақстан Республикасының барлық банктерінде шектеусіз ұсақталады және айырбасталады.
Оларды Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің барлық филиалдарында, сондай-ақ «Монеталардың Интернет-дүкені» www.nationalbank.kz ҚРҰБ сайтының интернет-дүкені арқылы сатып алуға болады.