Астана. 7 ақпан. 7kun.kz - ҚР Ұлттық экономика министрлігі ең төменгі күнкөріс деңгейін қайта қарауды жоспарлап отыр. Бұл туралы ведосмтво министрі Тимур Сүлейменов Үкімет отырысында мәлімдеді.
«Зейнетақы төлемдерін және баланың туылуына байланысты төленетін жәрдемақыны 20 пайызға дейін көтеру үшін заң актілері қабылданатын болады. Сондай-ақ, ең төменгі күнкөріс деңгейін арттыру мәселесі қарастырылады. Осы арқылы кедейлік шегі де 40%-ан 50%-ға дейін артады. Бұл шаралар адам капиталын сапалы дамытудың негізі болады», — деді Тимур Сүлейменов.
Бұдан бұрын ҚР Президенті 2017 жылғы жолдауында күнкөріс деңгейін қайта қарау бойынша тапсырма берген.
"Ең төменгі күнкөріс шегін де қайта қарастыру керек. Ол қазақстандықтардың нақты тұтынушылық шығыстарына сәйкес келуге тиіс. Бұл қадам 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақы, мүгедектерге және асыраушысынан айрылған отбасыларға арналған жәрдемақы, мүгедек бала тәрбиелеп отырғандарға берілетін атаулы көмек пен жәрдемақы көлемін 3 миллион адам үшін өсіруге мүмкіндік береді. 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсету шегін ең төменгі күнкөріс шегінің 40%-ынан 50%-ға дейін өсіріп, оның жаңа форматын енгізу керек. Бұл ретте жұмыс істеуге қабілетті адамның бәрі тек жұмыспен қамту бағдарламасына қатысу шарты арқылы ғана қолдауға ие болуға тиіс", - деген еді Президент.
Айта кетейік, 2017 жылғы қаңтарда күнкөрістің ең төменгі деңгейінің шамасы 21 835 теңгені құрады.