Алматы. 16 қыркүйек. 7kun.kz - ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов макроэкономикалық перспективалар мен қатерлер, салықтық-бюджеттік саясат бағамы, бюджеттік ынталандыру мен қаржылық шығындарды талқылады. Бұл туралы strategy2050.kz хабарлады.
Тимур Сүлейменов 2017 және 2018 жылдардағы және ортамерзімдік келешектегі экономикалық дамуды бағалаудың деректері туралы баяндады.
«Ағымдағы жылы экономикалық өсім 3,4% деңгейінде бағаланады және дамудың негізгі факторлары дәстүрлі жүйеқұрушы салалар болмақ. Мұнай өндіру Қашағандағы өндірудің арттырылуының есебінен 84,5 млн.тоннаға дейін ұлғаяды. Сондай-ақ, бұл өңдеу өнеркәсібіндегі негізгі салалар. ИИДМБ жобаларының жүргізілуінің және «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруды жалғастырудың есебінен өңдеу өсімі динамикасы 5,0%-ға дейін ұлғаяды», - деді ұлттық экономика министрі.
Сонымен қатар, ол неғұрлым жоғары экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін инвестициялар мен жаңа технологияларға бағдарланған дамудың жаңа моделі қалыптастырылатынын атап өтті.
Оның негізгі бағыттары «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында баяндалған. «Ел экономикасын тұрақты дамыту мақсатындағы негізгі шаралар әсіресе, өңдеу және қызмет көрсету салаларындағы еңбек өнімділігін арттыру үшін технологиялық жаңғыртуды көздейді», - деді Тимур Сүлейменов.
Дереккөз: abctv.kz