Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Қазақстанда исламдық қаржыландыруды енгізуге не кедергі?

Қазақстанда исламдық қаржыландыруды енгізуге не кедергі?

Қазақстандағы исламдық қаржыландыру туралы бірінші жыл айтылып келе жатқан жоқ. Дегенмен әлі де алғашқы кезеңнен аса алмай келеді. Осы саладағы сарапшы Ерлан Байдаулет LS-ке берген сұхбатында исламдық ережеге сәйкес қаржы нарығын дамытудың қиындықтары туралы әңгімелеген еді. Назарларыңызға ең маңызды ойларын ұсынамыз. 

Исламдық қаржыландыруды дамыту үшін қандай өзгерістер қажет?

Қазір еліміздегі құқықтық база экономиканың жаңа саласын табысты дамытуға мүмкіндік бермейді. Негізі 2009, 2011 және 2015 жылдары заңға қатысты өзгертулер мен түзетулер енгізілген еді, бірақ олардың тек үстіртін ғана жазылған. Ешқайсысы исламдық қаржыландыруға толыққанды жұмыс істеуге мүмкіндік бермейді.

Исламдық банктерді екінші деңгейлі банктер деп теңестіргенімен, олардың салықтық жеңілдіктер тәрізді артықшылықтары жоқ.  Мысалы, әріптестік қаржылай келісім-шарттар жасағанда ҚҚС (қосымша құн салығы) мәселесі үнемі алдымыздан шығады.

Заңдық шешімін табуды қажет ететін басқа да мәселелер бар. Исламдық жобаларды қаржыландыру, жаңа банктер үшін алғашқы капиталдың көлемін азайту, қаржылық есеп кезінде арнайы стандарттар енгізу дейтін сұрақтар шешілуі қажет. Осындай проблемалар бар кезде біздің ұйымдарымыздың тауарлары басқа банктермен салыстырғанда қымбатырақ шығады. Бәсекелестік орта әділетті емес. Ал ондай ортаға кімнің кіргісі келеді?

Халықаралық Астана қаржы орталығын (ХАҚО) құру Қазақстандағы исламдық қаржыландыру мәселесін шешуге қаншалықты әсер етеді?

ХАҚО бұл сектордың мүддесіне қатысты жақсы жұмыс істеп жатыр. Исламдық қаржыландыруды дамытатын Лондон, Бахрейн, Дубай, Малайзия, Индонезия және басқа елдердің қаржы орталықтарымен келіссөздер жүргізілді.

Бұл саланың ресми түрде жұмысын бастағанына 8 жыл толды, 2009 жылдың 12 ақпанында мемлекет басшысы заңға қол қойды. Бірақ оның алдағы дамуын дәл ХАҚО-мен байланыстырады. Ислам Даму банкінің (ИДБ) басқару кеңсесін осы ұйымға берді, бұған дейін министрліктің қарауында еді. Яғни үкімет те ХАҚО-ға сенім артып отыр.

Қазіргі жетістіктеріміздің барлығы Қазақстанның ИДБ тобымен әріптестік жүргізгеніне байланысты. Мысалы, Алматыда жұмыс істейтін алғашқы лизингті компания құрылды. 2000 жылдан бері исламдық құқық жүйесіне сәйкес транспорт және коммуникация, энергетика, ауыл шаруашылық, денсаулық сақтау, шағын және орта бизнес салаларына 1,6 млрд долларға жуық инвестиция тартылды.

Ал өткен жылдың сәуірінде ХАҚО мен ИДБ арасында арнайы меморандумға қол қойылып, елімізде исламдық қаржыландырудың барлық салаларын дамыту бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

ХАҚО аясында енгізілетін ағылшындық құқық жүйесі де бұл саланың  дамуына оң ықпал етеді. Малайзия, Сингапур, Бахрейн, Дубай, Оман, Ұлыбритания тіпті АҚШ тәрізді елдер дәл осы құқықтық жүйеге байланысты исламдық қаржыландыру жүйесін дамытып отыр. Бірақ біздің ішкі заң жүйеміз қажет еткендей ыңғайлы емес.

Реттеуіш пен үкімет тарапынан нақты бір қадамдар мен қолдау болмағандықтан ішкі ойыншылар да, шетелдік инвесторлар да белсенділігін азайтты. Сондықтан бұл сектордың дамуын ХАҚО-ның жұмысымен ғана байланыстыруға болады.

Қазақстанда исламдық ипотекалық компания құрыла ма?

2014 жылы біз Швецариядағы консультанттармен бірге Қазақстандық ипотекалық компания (ҚИК) мен катарлық инвесторлар арасында келіссөздер жүргіздік. Сол кезде қазақстандық жақ 50 млн доллар, ал арабтар 450 млн доллар инвестиция салады деп келіскен едік. Жаңадан құрылатын "Тұрақты ипотека қор" (Sustainable Mortgage Fund)  Murabaha (төлемді 2-3 жылға дейін кері шегеру), Ijara (7-10 жылға дейін лизинг) және Diminishing Musharaka (инвестор мен клиент арасындағы соңы сатып алумен аяқталатын келісім) тәрізді құралдармен жұмыс істеу керек еді. Барлығында да банк пен клиент тәуекелді теңдей бөліп алады.

Бірақ келіссөздер 2015 жылы аяқталды, Қазақстандық ипотекалық компания жобаға қатысудан бас тартты. Оның барлық ресурсы мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасына жұмсалды.

Қазір ИДБ-ның еншілес банкі (жеке секторды дамыту бойынша корпорация) ипотекалық компания құруды жоспарлап отыр, бірақ нақты жаңалықтар жоқ.

Менің жеке тәжірибем бойынша айтсам, әріптестік ипотека дәстүрлі ипотекаға қарағанда арзан болады. Бар айырмашылық - клиентке төленетін сыйақыда.  Осыған байланысты қазақстандық Al Hilal Bank-тің ипотекалық тауар ұсынбайтындығы өкінішті, оларда барық құжат пен тәжірибе де бар. Сондықтан енді біздің бар үмітіміз бірінші әріптестік (исламдық) Заман Банкінде.

Қандай исламдық банк өнімдері қазақстандық үшін қызықты болады?

БАҚ арқылы Қазком арнайы департамент құрады деп естідім. Олардың әзірге тәжірибелі мамандары жоқ, бірақ банк басшылығы осы жұмысқа кіріседі деп үміттенемін.

Сбербанктің де осындай жоспарлары бар, деген олар бұл жұмысқа жүйелі түрде кірісті. Татарстанда лизинг бойынша бірінші исламдық қаржы келісіміне қол қойды, енді басқа да еншілес банктеріне осы жүйені енгізуге тырысып жатыр.

Осыған дейін айтқанымдай, елдегі заң жүйесі қазақстандық банктерде "исламдық терезе" ашуға мүмкіндік бермейді. Сондықтан Сбербанктің еншілес банкін қосқанда басқа дәстүрлі банктер азаматтарымызға исламдық қаржыландыру қызметін ұсына алмайды деп қорқамын.

Еске салайық, осыған дейін 7күн ислам қаржысын зерттеп, елімізде тәжірибесімен бөліскен алғашқы кәсіби экономист Едіге Алпысбайдың сұхбатын берген еді. Оның исламдық банк жүйесі туралы ойын мына жерден оқи аласыздар.

Похожие материалы