Алматы. 23 қыркүйек. 7 kun.kz — Алматыда жаңа технологиялар мен инвестицияларды шоғырландыратын бас орталық - IT-квартал ашылды. Бұл туралы Қазақстан баспасөз клубы хабарлады.
«Жібек Жолы» бизнес орталығында орналасқан IT-кварталға 2017 жылдың соңына дейін 10 IT-компания және 15 стартап жайғасады. 2018 жылы 20 IT-компанияны және 50 стартапты тартуды жоспарлап отыр.
Almaty Tech Garden бас директоры Санжар Кеттебековтың сөзінше, IT квартал алаңын бағдарламашыларға, инноваторларға, жаңа идеялар, озық технологияларды жасаумен айналысатын мамандарға ұсынып отыр.
«IT-кварталды ашу арқылы біз IT-компанияларға ортақтасып, синергетикалық нәтижеге жетуге мүмкіндік беретін жайлы инфрақұрылымды қала ішінде жасап беріп отырмыз. Сонымен бірге, біз «ИТП» арнайы экономикалық аймақ негізінде машина жасау, жаңа материалдар, геологиялық барлау сынды ауыр өнеркәсіптерді инновациялық тұрғыда дамытуға бағытталған экожүйені дамытудамыз», - деді ол.
Алаңда орналасқан стартаптар IBM, ARM, Autodesk, 1С сынды басқа да мамандандырылған заманауи платформаларды пайдалана алады. «Инновациялық технологиялар паркі» Арнайы экономикалық аймағының эксаумақтылық туралы шарттарына сәйкес келетін компаниялар әлеуметтік салықтан, жер салығынан, корпоративтік кіріс салығынан, мүлік салығынан босату сынды салықтық жеңілдіктер мен артықшылықтарға ие болады.
Қазіргі таңда эксаумақтылық қағидасына сәйкес «Инновациялық технологиялар паркі» АЭА-ның артықшылықтарына ие болған Алматыдағы 45 компания IT-кварталға қатысуға мүмкіндігі бар.
Айгүл Хожантаева