Алматы. 11 маусым. 7kun.kz - Қазақстанда Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Уақып» корпоративті қайырымдылық қоры құрылды. Бұл туралы ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев хабарлады.
Қор әртүрлі әлеуметтік жобаларды қолдауды жүзеге асырады.
«Білікті мамандарды проблемалы аймақтарға тарту, шалғай елді мекендерге жіберу өте қиын болып кетті. Республика бойынша 150-ден астам мешітте имам мүлдем жоқ. Басқаларында имамдар жиі ауысады. Бүгінде біз имамдардың жалақысын тікелей бюджеттен төлей алмаймыз. Сондықтан жаңа қор арқылы аталған өзекті мәселелерді шешуге болады деп үміттеніміз», - дейді Ермекбаев.
Министрдің айтуынша, «Уақып» қоры Президент тапсырмасымен құрылды. Оның қызметі коммерциялық емес қайырымдылық ұйым ретінде әлеуметтік жобаларды қаржыландыруға, білім-ағартушылық шараларды жүргізуге, діни бірлестік қызметкерлерлері жұмысының тиімділігін көтеру және діни мекемелердің қызметін қолдауға бағытталады.
Аталған қордың президенті болып Қайрат Айтбай сайланды.
«Уақып» қорының өкілдері азаматтар қайырымдылық қолдауды қаржылай, жылжымалы және жылжымайтын мүлік түрінде көрсете алатындығын айтты.