Алматы. 13 қазан. 7kun.kz - 2017 жылғы тамыздың соңында айналыстағы несие карталарының үлесі 13,3%-дан 11,1%-ға төмендеді. Бұл туралы Ranking сараптама агенттігі хабарлады.
2017 жылғы тамыздың соңына қарай айналыстағы төлем карталары саны өскені байқалды. Бір жыл ішінде өсім 14,6 %-ға немесе 2,2 млн бірлікке өсті. Айта кетейік, өткен жылы төлем картасының саны 7,6%-ға (1,3 млн бірлік) азайған еді.
Оның ішінде қолданыстағы төлем карталары 49,7% болса, 2016 жылы 51,4% құраған. Белсенді карталардың саны бір жыл ішінде 10,8%-ға (847,4 мың) көтеріліп, 8,7 млн бірлік болды. Бұл көрсеткіш 2016 жылы 12,5%-ға (869,5) өскен.
Дебеттік карталардың үлесі бір жыл ішінде 81,7%-дан 84,8%-ға (7,4 млн бірлік) өсті.Несие карталарын қолдану төмендегені байқалады. Олардың саны 7,3%-ға (75,7 мың) азайып, 964,9 мың бірлікті құрады. Қазіргі уақытта айналыстағы барлық несие карталарының 40,6% ғана белсенді қолданылады. 2016 жылы бұл үлес 44,1% құраған еді.