Алматы. 1 ақпан. 7kun.kz - Шыныпластикалық бұйымдар шығаратын зауыт «Боралдай» өндірістік аймағында осы жылдың сәуір айында іске қосылады. Зауыт құны 1 млн долларды құрады. Бұл туралы ВАСТЕ компаниясының өкілдері хабарлады.
«Кәсіпорынның жалпы ауданы 2,3 мың шаршы метр. Құрылысқа негізгі инвестиция 2013-2014 жылдары бөлінген. Осы уақыт аралығында қарыздың 45 пайызы жабылды. Ал өзіндік шығын 2018 жылдың соңына таман өтеледі деп жоспарларлап отырмыз. Бір-екі жылдан кейін тағы да құрал-жабдықтар алып, өнім ассортиментін көбейту ойымызда бар. Ол 1-2 млн доллар қаржыны талап етеді»,-деп атап өтті компания технологы Дмитрий Лисюков
Жаңа зауыт салудың себебі, қазіргі зауыт Алматы аумағында орналасқан. Кәсіпорыннан бөлінген улы токсиндер қалаға таралады. Сондықтан өндірісті қала сыртына ауыстыру қажеттілігі туды.
«Ал негізгі офис, қойма және кейбір улы емес қосалқы өндірістер Алматыда қалады. Кәсіпорын ішін қоймаға лайықтап, қайтадан құрастырамыз. Бір сөзбен айтқанда жаңа зауыт қуаттылығы алты есе күшті болады»,-дейді Лисюков. Технологтың сөзінше, өнімдер Астана, Алматы, Тараз сияқты ірі қалалардан сұранысқа ие.
ВАСТЕ шыныпластикадан және жасанды тастан бұйымдар жасайды. Қазіргі уақытта компания Polynt Composites-тің Қазақстандағы ресми дистрибьюторы.