Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Қазақстанда туроператорлардың жауапкершілігі күшейтіледі

Қазақстанда туроператорлардың жауапкершілігі күшейтіледі
 Азаматтарды шетелге демалысқа жiберумен айналысатын туристiк компаниялар мен туроператорлардың жауапкершiлiгi күшейтiледi. Бұл жөнiнде ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев мәлiмдедi, деп жазады Bnews.kz. «Осы жылы iшкi туризмнiң өскенi байқалады. Қазiр, мысалы, Алакөлде шамамен 80-ге жуық санаторий және демалыс базасына жақын орналасқан жалдамалы үйлерде бос орын жоқ. Каспий, Бурабай мен Балқашта да дәл осы жағдай. Бiз қазiр туризм бағдарламасын түзетудi жүзеге асырмақпыз. Осы орайда, Түркияның тәжiрибесiне көңiл бөлiп отырмыз. Сондықтан, туризм бағдарламасы бiздiң министрлiктiң басым бағыттарының бiрi болады. Көлiктi субсидиялау, жаңа көлiк бағыттарын әзiрлеу және сервистi арттыру бойынша бiрқатар шаралар қабылданып жатыр. Көлiк жайында айтар болсақ, Алматы облысының әкiмдiгi және Қазақстан темір жолы компаниясымен Алматы-Алакөл пойызы 5 вагонмен іске қосылса, қазiр вагондар саны 11-ге жеттi. Алайда, бұл вагондардың өзi демаламын деушiлер үшiн аздық етiп отырғаны байқалады», - дедi ол. Сонымен қатар, әуе рейстерi де iске қосылады деген Ә.Исекешев министрлiк iшкi туристiк орындар мен шипажайлар қазақстандықтарға қолжетiмдi болуы үшiн көлiк қатынасын қолайлы ету керектiгiн мәлiм еттi. «Сонымен қатар, сервис сапасына да көңiл бөлiнiп отыр. Астананы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесiне дайындау мақсатында Астана әкiмдiгiмен және ЭКСПО корпорациясымен бiрлесiп сертификаттау ережелерiн әзiрлеп жатырмыз. Бiз Астананы және оған жақын өңiрлердi, одан кейiн бүкiл Қазақстанды шетелдiк туристердiң елге жаппай ағылуына дайындау керекпiз. Бұл қонақ үйлердi категориялау, сервистi жақсарту, ағылшын тiлiнде сөйлейтiн гидтердi, таксистердi дайындау, кеденшiлер мен шекарашыларға ағылшын тiлiн үйрету», - деген министр бұл елге келген туристiң өзiн қолайлы сезнуiне тiкелей ықпал ететiнiн айтты. «Көшпелi туризмге қатысты өткен жылдары да бiрқатар жағымсыз жағдайлар орын алып, сол кездегi көлiк министрлiгi сәйкес шаралар қабылдаған болатын. Осы жылы да штаттан тыс оқиғалар орын алды. Туристiк компаниялардың шағын және орта бизнес нысаны ретiнде бірқатар қиындыққа тап болғанын көрiп отырмыз. Алайда, оның салдарынан халық зардап шегiп отыр. Сондықтан, бiз Ұлыбританияның тәжiрибесiн қолданып, азаматтарды шетелге жiберетiн туристiк компаниялардың, туроператорлардың жауапкершiлiгiн күшейтетiн боламыз. Яғни, олар банктер, ипотекалық құрылыс компаниялары секiлдi лицензиядан өтулерi керек немесе компания банкротқа ұшыраған жағдайда халыққа зияны тимейтiндей қандай да бiр депозиттердi жүзеге асырулары керек», - деп мәлiмдеген ол бұл мәселелер қазiр «Атамекен» ҰКП және бiрқатар министрлiктермен талқыланып жатқанын айтты.

Похожие материалы