Экономика
Қазақстандағы ең жемқор салалар аталды
Алматы. 28 желтоқсан. 7kun.kz - Қазақстандағы ең жемқор органдардың бірі - ішкі істер органдары, мемлекеттік сатып алу, денсаулық сақтау және жер қатынастары. Бұл туралы мемлекеттік қызмет және жемқорлықпен күрес агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев хабарлады.
"Егер өткен жылғымен салыстыратын болсақ биылғы ең жемқор сфера ретінде ішкі істер органдары, мемлекеттік сатып алу сферасын, денсаулық сақтау, жер қатынастары, білім беру, ауыл шаруашылығы және құрылыс", - деді Алик Шпекбаев сенаттағы депутаттармен кездесуінде деп жазады
sputniknews.kz.
Ең жиі таралған коррупциялық қылмыс түрі ретінде ол пара алу, лауазымын артығымен пайдалану, лауазымдық жалғандық, бюджет қаржысын иемденіп, жұмсау және пара беруді атап өтті.
Соңғы 2 жылда жемқорлыққа қарсы күрес қызметі 1,8 мыңға жуық мемлекеттік қызметкерді жауапкершілікке тартқан. Олардың арасында республикалық (22), облыстық (109), қалалық және аудандық (286) деңгейдегі басшылар бар. 2 жыл ішіндегі шығын 48,5 млрд теңгені құрайды. 32,6 млрд теңге көлеміндегі қаржыға бұғау салынған.
"Қылмыстық жауапкершілік процессі кезінде үштен екісі қайтарылды. Атап өту керек, заң алдында барлығы бірдей. Қарулы күштердегі генералдардың ісі де, жоғары лауазымды шенеуніктерге қатысты даулы қылмыстық істер де - қорқыту акциялары емес. Бұл - жемқорлыққа қарсы күрес қызметі тарапынан жүйелі түрде орындалатын күнделікті жұмыс", - деді Алик Шпекбаев.
Оның мәліметінше, соңғы 5 жылда Қазақстанда 70 млрд теңгеден астам қаржы жымқырылған. 47 жемқорға іздеу салынып, 28-і тұтқындалып, Қазақстанға қайтарылды. Бүгінде Қазақстанның 20 елмен құқықтық көмек беру туралы келісім-шарты бар.