Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Қазақстандағы инфляция деңгейі өзгеріссіз қалады

Қазақстандағы инфляция деңгейі өзгеріссіз қалады

Астана. 15 ақпан. 7kun.kz - Ұлттық Банк инфляциялық таргеттеу қағидаттарын іске асыруды жалғастырады. Бұл туралы ҚРҰБ Төрағасы Данияр Ақышев бүгін ҚР Парламентінде «2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасына өзгерістер енгізу мәселесі бойынша жасаған баяндамасында хабарлады. 

«Ұлттық Банктің негізгі мақсаты баға тұрақтылығын қамтамасыз ету болып табылады. Инфляция 2017 жылғы қаңтардың қорытындысы бойынша 6-8% дәлізге қайтып келді, себебі жылдық көрсеткіш бойынша 7,9%-ды құрады. Біздің болжам бойынша инфляция деңгейі 2017 жылы күйзеліс болмаса Үкімет пен Ұлттық Банк белгілеген дәлізде болады. Орта мерзімді кезеңде инфляцияны 3-4%-ға дейін кезең-кезеңімен төмендету біз үшін басым міндет болады», – деп атап өтті Д. Ақышев.

Бұл ретте оның айтуынша, Ұлттық Банк ұзақ мерзімді экономикалық өсуге ықпал етеді, оны инфляция және макроэкономикалық тұрақтылық бойынша мақсат арасындағы оңтайлы баланс іздеу арқылы жүзеге асырады.

Сондай-ақ Ұлттық Банк базалық мөлшерлеменің 2017 жылы төмендейтінін жоққа шығармады. «Базалық мөлшерлеме 2016 жылғы 17%-дан 12%-ға дейін төмендетілді. 2017 жылы базалық мөлшерлеме одан әрі төмендеуі мүмкін», – деп түсіндірді Д. Ақышев, «Ұлттық Банктің негізгі жұмысы ақша нарығында нарықтық пайыздық мөлшерлемелерді қалыптастыруға бағытталған», - деп толықтыра отырып.

Ұлттық Банктің  теңгедегі құралдардың  тартымдылығын  арттыру  жөніндегі шаралары  туралы пікір білдірді. Оның сөзінше, 2016 жылы жинақтау,  есеп айырысу және активтер  құнының  өлшемі ретінде  ұлттық валюта  теңгенің үлесін  ұлғайтуда  үлкен прогреске  қол жеткізілді. 2016 жылы  теңгемен  депозиттер 3,3 трлн. теңгеге өсті, шетел валютасында – 1,1 трлн. теңгеге  төмендеді. «Барлық депозиттердің долларлану деңгейі ең жоғары 70%-дан 55%-ға дейін, жеке тұлғалардың депозиттері бойынша 80%-дан 62%-ға  дейін төмендеді – деп атап  өтті Д. Ақышев.  – Бұған валюта нарығындағы тұрақтану және Ұлттық Банктің теңгедегі құралдардың тартымдылығын арттыру себепші болды».

Похожие материалы