Экономика
Айдын Айымбетовтың ғарышқа сапарына 20 млн доллар жұмсалады
Ресейлік тарап қазақстандық Айдын Айымбетотың ұшу сапары үшін 20 млн. АҚШ долларын сұрады. Бұл сомаға РосКосмостың қазақстандық ғарышкердің ұшу сапарын қамтамасыз ету бойынша барлық шығындары кіреді. Бұл туралы Инвестициялар және даму министрлігі Аэроғарыш комитеті төрағасының орынбасары Еркін Шаймағамбетов мәлімдеді.
«Бұл қаражатқа ресейлік тараптың біздің ғарышкердің ұшу сапарын қамтамасыз ету бойынша барлық шығындары өтеледі. Қазір ресейлік тараптың сұрап отырғаны сомасы - 1 млрд. 100 млн. рубльді құрайды. Бұл бүгінгі бағаммен қарағанда шамамен 20 млн. АҚШ доллары болады», - Е. Шаймағамбетов.
Ол сонымен қатар, үстіміздегі жылға арналған республикалық бюджетте бұл қаржының қарастырылмағанын жеткізді.
«Сондықтан, бұл ақшаны Қазақстанның 2016 жылы төлейтіндігі жөнінде ортақ келісімге қол жеткізілді. Өтеудің әр түрлі жолдары қаралу үстінде. Мысалы жалдық төлем немесе басқа да қаржы көздері арқылы төлеу мүмкіндіктері талқыланды. Қазір бұл мәселе ҚР Үкіметінде жан-жақты қарастырылып жатыр. Біз Қаржы министрлігімен тығыз байланыста жұмыс істеп жатырмыз», - деді Е. Шаймағамбетов.
Ақпарат көзі:
Қазақпарат